Таразда «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 7 отбасы баспаналы болды

6 Желтоқсан 2021, 12:11
2834
Бөлісу:
Таразда «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 7 отбасы баспаналы болды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен өңірде «Асарлатып үй салу» жобасы өткен жылдан бері қызу қолға алынып, көптеген мұқтаж отбасылар баспаналы болуда, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл жолы Тараз қаласындағы жеті отбасы үйлі болды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан сауапты істен Тараз қаласының кең жүректі азаматтары да  қалыс қалмай, «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабынан қаралған жер телімінде 15 үйдің құрылысын бастаған болатын.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ол үйлердің жетеуі пайдалануға берілді. Қалған сегіз үйдің де жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ.

Ежелден елдік  мұратты,  ұлттық  құндылықты  ерекше  дәріптеген халқымызда  ғасырлар  бойы  кісіліктің көркем үлгілері қалыптасқан. «Жұмыла  көтерген  жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі  қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы  да осында, - деді аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев.

Таразда «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 7 отбасы баспаналы болды

Қазақ  топырағында  қалыптасқан  «Асар»   игі дәстүрі  соның  бір айғағы. Бүгінде ұлттың  болмысындағы  осы бір ерекше қасиет   облысымызда жаңғырып, жалғасын тауып, туған-туыстар мен ауылдастар жиылып мұқтаж жандарға көмек қолын созуда. Оған  жергілікті билік те атсалысуда.

Біз сонау ашаршылық және соғыстан кейінгі қиын жылдары да бір-бірімізге қолғабыс білдіріп, бірлігімізден айырылмаған елміз. Өзге ұлт өкілдерін де бауырымызға басып, мейірімділік танытқанбыз. «Асарлатып үй салу» жобасының мақсаты тек мұқтаж жандарға үй салып беру ғана емес, өзара бірлігіміз мен ынтымағымызды, қоғамдағы өзара келісімді, қамқорлықты арттыруға негізделген,-деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі өз сөзінде «Жомарт түлек», «Таразға тарту» секілді бастамашыл жобалар аясында демеушілер есебінен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелеріне де тоқталды.

Айта кетейік, тұрғын алқапта инженерлік-инфрақұрылымдық мәселелерді оңынан шешілуде. Жарық, газ тартылған, келер жылы таза ауыз су, содан соң жол мәселесі түбегейлі шешілетін болады. Жақын маңнан жаңа мектеп те бой көтереді.

Таразда «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 7 отбасы баспаналы болды

Жалпы «Асарлатып үй салу» жобасы аясында облыс бойынша былтыр 99 үй салынса, биыл 133 үй тұрғызу жоспарланған. Қазіргі дейін 75 үйдің құрылысы аяқталды, қалғаны жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Бердібек Сапарбаев аталған тұрғын алқапта бой көтеріп жатқан 600 орынды жаңа мектептің құрылысы барысымен де танысты.


Өзгелердің жаңалығы