«Тараз – қауіпсіз қала» жобасы табысты жүзеге асуда – Жылқыбаев

14 Маусым 2021, 09:32
4934
Бөлісу:
«Тараз – қауіпсіз қала» жобасы табысты жүзеге асуда – Жылқыбаев

Тараз. BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі әрбір қаланың дамуы, ілгерілеуі, қанат жаюы қауіпсіздікке, жайлылыққа және тазалыққа негізделен. Әрбір шаһар осы талаптардың үдесінен шығатын Нұр-Сұлтан қаласына қарап бой түзейді, үрдісін үйренеді.

Бұл туралы Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев айтып берді. Ол 2020-2023 жылдарға арналған «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы бекітілгенін еске салып, оның аясында атқарылған шаруаларға ден қойды. Мәселен, аталған жоба шеңберінде Жамбыл облысы орталығында «Құқықтық тәртіп», «Стоп-трафик», «Борышкер», «Автобус» «Түнгі қаладағы балалар», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық», «Құқық - өмір айнасы», «Меншікке қарсы құқық бұзушылықтар», «Заң сөйлесін», «Тараз - есірткісіз қала», «Қылмыс түбі - қорлық» жедел-профилактикалық іс-шаралары ұйымдастырылған. Нәтижесінде, жыл басынан бері қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың саны 11 %-ға кеміпті.

Сол сияқты, көшелердегі құқықбұзушылықтар – 24,6 %-ға, топпен жасаған қылмыстар – 47 %-ға, бұрын қылмысты болған азаматтардың қайта жасаған қылмыстары 10 %-ға төмендеді. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің келеңсіз әрекеттері де 39 %-ға азайды. Жеткіншектердің қылмысқа араласуының алдын алу мақсатында ювеналды полиция тарапынан 1 743 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Жыл басынан бері барлығы 28 жасөспірім есепке алынды және жайсыз 53 отбасы тіркелді, - деп атап өтті ол.

Ержан Жұматұлы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 123 жасөспірім орналастырылғанын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш былтыр 73 болған екен. Ал арнайы мектепке биыл 9 жеткіншек жіберілсе, өткен жылы 2 бала жолданыпты.

Тараз қаласы әкімі ұсынған мәліметтерге қарағанда, облыс орталығының іргесіндегі «Шөлдала» тұрғын алқабында полиция тірек пункті үшін арнайы ғимарат сатып алынған. Сонымен қатар 15-шағын ауданға да осындай нысан беріліп отыр. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл тірек пунктінің ашылуы 1 тамызға жоспарланған екен.

«Родничок» тұрғын алқабында учаскелік тірек пунктін ашу үшін қалалық бюджеттен 23 млн теңге қаражат бөлініп, сатып алу рәсімдері жасалуда. Сондай-ақ жастар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында 2 кездесу, 1 кеңес беру алаңы, 2 семинар және 4 түнгі рейдтік жұмыстар ұйымдастырылып, 350 жастар қамтылды. Жыл басынан бері бұрын сотталған адамдарға әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Айталық, 36 азамат белсенді қолдау шараларына тартылса, 20-сы жұмысқа орналастырылды. 3 азаматқа 200 еселенген айлық есептік көрсеткішпен 583 400 теңге көлемінде мемлекеттік грант тағайындалды. Сотты болған 5 тұрғын «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқуға жолдама алды. 8 отбасына атаулы әлеуметтік көмек үлестірілді, - деді Жылқыбаев.

Ол қоғамдық көліктерде көптеп орын алатын қалта ұрлығы қылмыстарын болдырмау және алдын алу мақсатында автобус бағыттарына тасымалдаушылардың есебінен 53 дана бейнебақылау құрылғыларын орнату жұмыстары жасалып жатықанын әңгімеледі. Қазіргі таңда 5 қалалық автобус бағытында 33 бейнебақылау камерасы қойылған. Камералар бейне жазылыммен қоса, дыбыстық жазылымды да жүргізеді. SIM-картамен жабдықталған, қоңырау шалу және Wi-Fi желісіне қосылу мүмкіндіктері бар. Осы жобаны іске асыру мақсатында қала аумағы жолдарының апаттық қауіпті учаскелерінде, жүргізушілердің назарын аудару және жол қозғалысы ережелерін бұзуды болдырмау мақсатында Абай, Төле би даңғылдарында және Жібек жолы, Тәуке хан көшелерінде қызыл жолақпен белгіленген «Қауіпсіз аралдары» пайда болыпты.

Жобаның негізінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүріс-тұрыстарына тұрақты бақылау жүргізу үшін қаланың №53 орта мектебіне «Тұлпар карта» қосымшасы енгізілді. Бұл пилоттық жобамен жыл соңына дейін қаланың барлық мектептерін қамту жоспарлануда. Өйткені, «Тұлпар картаның» тиімділігіне әбден көз жеткіздік.

Тағы да айта кетерлігі, қала аумағындағы кептелісті азайту мақсатында Тауке хан көшесінен Б.Момышұлы көшесіне сол бетке бұрылуға, Төле би көшесінен Жамбыл даңғылындарында қосымша жаңа жолақ сызылып, жол көлік оқиғасы көптеп орын алатын қиылысында (Айша бибі – 9 бұрылыс пен Фресно көшесі) қосымша 1 бағдаршам орнатылды. Жалпы қала аумағында 137 бағдаршам жұмыс істеуде және олардың үздіксіз жұмысы күнделікті 4 бригадамен қамтамасыз етіледі, - деп атап өтті шенеунік.

Қала көшелерінің ішінен күрделі және орташа жөндеуді қажет ететін автомобиль жолдарының тізімі жасақталды. Бұл жұмыстар 2021-2023 жылдар аралығына жоспарланып отыр екен. Биылға 4 жобаға жергілікті қазынадан 820 млн теңге қаражат бөлінген. Бұған ұзындығы 9 шақырымға жуық жол жөндеуден өтпек.

Жоба аясында Тараз қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік испекторларына 40 азамат қоғамдық көмекшілер ретінде жұмысқа қабылданды. Өткен жылы осындай 30 адамды тартқан болатынбыз. Олардың көмегімен жыл басынан бері барлығы 120 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Былтыр жоғары көрсеткіш қол жеткізген, қоғамдық жұмысқа белсенді түрде қатысқаны үшін 8 көмекші алғыс хатымен марапатталса, биылғы бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 10 қоғамдық көмекші наградаға ие болды, - деді қала басшысы.

«Тараз - қауіпсіз қала» жобасының маңыздылығын облыс орталығы тұрғындарының арасында насихаттау мақсатында бейнеролик дайындалып, әлеуметтік желілерге де таратылғаны есімізде.

Әкім атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасында әлеуметтік шиеленістің алдын алу үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлері, оларды алу тәртібі және өзгерістер туралы 11 аумақта түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 2000 адам қамтылғанын да сөз етті. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі әлеуметтік желілерде және БАҚ беттерінде тұрақты жариялануда. Қала халқын жұмыспен қамту бағытына сай, 2021 жылға жоспарланған 3 982 адамның 1 608-і жұмыспен қамтылып, жоспардың 40 %-ға орындалғаны бар.

Жобамен көзделген қалалық сервистерді біріктіретін «Taraz city» мобильді қосымшасын іске қосу үшін қазынамыздан 6 млн теңге қарастырылып отыр. Сонымен қатар, шаһар тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала аумағындағы 39 «сақалды» құрылыстардың иелерімен 2 кездесу өткіздім. Екінші денгейлі банктерден несие алу арқылы оларды қолдау шаралары қабылданды және аяқталмаған құрылыстарды бұзу бойынша сотқа 8 талап-арыз жолданды, - деген Тараз қаласының әкімі соңғы 5 айда аталған жобаны толық іске асыру барысында бірнеше индикаторлық нәтижеге қол жеткізгендерін жеткізді.

Айталық, құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесі 70 %-ға жетілдірілген. Әлеуметтік бейімдеу және қиын өмірлік жағдайда болған тұлғалардың 25 %-ына қолдау көрсетіліпті. 32% құқық бұзушылықтың алдын алу субъекттерінің қызметі үйлестірілген, тұрғындардың 60 %-ының мүліктері сенімді түрде қорғалған. Азаматтардың 53 %-ының құқықтық мәдениетін және құқықтық санасын қалыптастыруға бағытталған білімдік, ақпараттық және ұйымдастырушылық мінез қалыптастырылған. 8 % қиын өмірлік жағдайда қалғандарға арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсыну оңтайландырылды. 45 % салауатты өмір салтын насихаттау жүйеленді. Жазасын өтеп шыққан тұлғалардың 20 %-ының құқықтық білімдері арттырылыпты. Құқық бұзушылық жасауға бейім азаматтардың 33 %-ы бұқаралық спортқа айналысуға тартылған. Сондай-ақ 25 % жасөспірімдердің қылмыстарға мүлдем төзбеушілік қасиеті қалыптастырылды.

Жылқыбаев жалпы жобаны іске асыруда бірқатар кемшіліктердің де орын алғанын жасырмады. Мысалы, оның 91 тармағының 20 тармағы тиісті деңгейде орындалмаған және кейбір тармақтар бойынша ақпарат қайталанба немесе формальды сипатта болған. Бұл орайда 3 жауапты маман тиісті жауапкершілікке тартылған көрінеді.

Жобны іске асыру бақылауда. Осы орайда, уәкілетті органдармен ағымдағы жылдың басынан бері 2 рет мекемеаралық жиын өткізіп, жобаның орындалу динамикасын зерделедік. Нақты индикаторларға қол жеткізу жоспары құрылды. Құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыс тобымыз жасақталған. Олар апта сайын атқарылған жұмыстарын пысықтап, талдап, белгілі бір нәтижеге қол жеткізу мақсатында жұмыстар жүргізуде. Мәселен, жоба аясында тұрғындардың жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарына деген сенімдерін 65 %-ға арттыру, қала аумағындағы қылмыс деңгейін жыл сайын 15 %-ға төмендету, халықтың мәселелерін шешудің жеделдігі және мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне шағыммен жүгінгендердің санын 10 %-ға азайту шараларын жоспарлап отырмыз, - шаһар басшысы.



Өзгелердің жаңалығы