Тапталған оқушылар мен жауапты директор: Мектептердегі проблемалар қалай шешіледі

8 Қыркүйек 2023, 18:01
1961
Бөлісу:
Тапталған оқушылар мен жауапты директор: Мектептердегі проблемалар қалай шешіледі
Фото: Арман Мухатов - архив

Еліміздің мектептерінде оқу жылы басталғалы бір апта болды. Жаңа оқу аптасында бірнеше мектепте келеңсіз оқиға болып, оқушылар дәлізде тапталып қалған жағдайлар тіркелді. Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті Білім басқармалары мұндай мәселелердің алдын алу үшін бірқатар шара ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің білім басқармалары мен аумақтық департаменттері басшыларының қатысуымен оқу процесін ұйымдастыру жайлы кеңес өткізді. Кеңестер бірқатар тапсырма берілді.

Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Еліміздегі білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау барысында бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтсақ, биыл 260 мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінгі күні 200-ге жуық нысанда жөндеу аяқталып, сабақтар басталып кетті. Осылайша, 150 мың оқушы жөнделген мектеп ғимараттарына кірді. Биылғы оқу жылында барлығы 132 мың орындық 154 мектепті салу жоспарланған. Жаңадан салынған 55 мың орындық 39 мектеп пайдалануға берілді. Бұл 12 апатты және 29 үшауысымды мектептің мәселесін шешті, - деді ол.

Білім беру ұйымдарындағы маңызды жұмыстардың бірі - оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру. Бұл - тікелей мектеп басшыларының міндеті. Олардың жұмысын қадағалау әрі сапалы ұйымдастыруды бақылау білім бөлімдері мен білім басқармаларының міндеті.

Соңғы күндері Астана мен Көкшетаудағы мектептерде оқушылардың үзіліске шыққанда және сыртқы киімдерін алу кезінде кезек сақталмай, ішкі тәптіптің өрескел бұзылғаны жайлы көріп отырмыз. Осының салдарынан сабақ процесіне нұқсан келді. Мұндай келеңсіздіктерге қалайша жол берілді, - деп атап өтті комитет төрағасы.

Қаныбек Жұмашев салынып жатқан мектептер уақытында берілуі керегін тапсырды.

Астанадағы мектепте балалар неге тапталып қалды?

Астанадағы №71 мектепте болған жағдайға қатысты қаланың Білім басқармасы басшысы Қасымхан Сенғазыев түсініктеме берді. 

Қалада 255 мыңнан астам баланы оқытатын 169 мектеп жұмыс істеп жатыр. Оның 8-і қазір үшауысымды режимде жұмыс істейді. 18 мектеп шамадан тыс режимде жұмыс істеп жатыр.

Оқу процесін ұйымдастыру бойынша мектеп басшыларымен тиісті ұйымдастыру шараларын қабылдадық. Білім басқарамасы №71 мектеп бойынша мектеп әкімшілігімен ұйымдастыру шараларын жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, сабақ кестесі қайта қаралды, мектеп әкімшілігі мектептегі әр қабаттарда кезекшілік ұйымдастырды. Балалардың көп жиналатын жері – ол киім ілетін жерлер. Қазір киім ілетін жердің жұмысы қайта қаралды. Бұрын гардеробтар бір жерде болса, енді әр қабаттан ашылды, - деп айтты ол.

Сонымен бірге мектепке кіреберіс есіктер мен шығатын есіктер көбейіп, қазір 4 кіреберіс есік жұмыс істеп жатыр. Бастауыш сыныптар жеке есіктен, орта буындар жеке есіктен, жоғары буындардың жеке есіктен кіріп-шығу жұмыстары ұйымдастырылып жатыр.

Қазір қалада 14 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 11-і осы оқу жылында беріледі. Қазіргі күні оның 4-еуі берілді. Бұл үшауысымда оқып жатқан үш мектептің мәселесін толығымен шешті. Қалада 90 мың орынға шақталған 24 жайлы мектептің құрылысы да жүріп жатыр. №71 мектептің қасында 12 мың орынға арналған 3 мектеп салынып жатыр. Оның құрылысы 2024-2025 жылдары аяқталады. Бұл мектептер үшауысымды мектептердің мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді, - деп түсіндірді басқарма басшысы.

Көкшетаудағы мектептегі жағдайға не себеп?

Ақмола облысы Білім басқармасы басшысы Шоқан Оразалин Көкшетау қаласындағы №1 мектепте сабақ кестесі неге дұрыс жоспарланбағанын түсіндіріп берді. 

Кеше №1 жалпы орта мектебінде келеңсіз жағдай болды. Бұл мектеп қаланың ортасындағы өте тығыз аудандардың бірінде орналасқан. Сол себепті бұл мектепке келетін балалардың саны өте көп. Ия, бұл жерде мектеп басшылығының жіберген қателіктері бар: сабақ біткен соң балаларды бір мезетте дәлізге шығарып жіберген, - деді ол.

Оның сөзінше, бұл мектепте күрделі жөндеу өткен. Мектепте 2 800 бала оқиды.

Әрине мектепте орын тапшылығы бар. Бірақ оқушылар екі ауысымда оқиды. Екінші қабатта киім ілетін жердің тағы бір кабинетте ашылуы қарастырылып жатыр. Сабақ кестесі қаралды. Мұғалімдердің кестесі де қаралды, - дейді Шоқан Оразалин.

Бүгінгі таңда Ақмола облысында 138 468 оқушысы бар 537 мектеп бар. Былтырғы жылға қарағанда контингент 2 815 адамға өсіп отыр. Облыста бірауысымды 5 күндік оқу аптасында 250 жалпы білім беретін мектеп және екіаусымда 278 жалпы білім беретін екіауысымды мектеп бар. Үшауысымды немесе алты күн оқитын мектептер жоқ.

Ол келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында өңірдегі мектептердің директорларымен кеңес өткізілгенін айтты.

Жауапсыздық пен бақылаудың әлсіздігі

Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев осындай мәселелерді қатаң бақылауда ұстау жөнінде облыстық білім басқармаларын тамыз айында өткен арнайы жиналыстарда да ескерткенін айтты.

Мұндай фактілер мектеп басшыларының өз міндеттерін атқаруда жауапсыздық танытқанын және білім бөлімдері мен басқармалар бақылауының әлсіздігін көрсетеді. Алдағы уақытта мұндай жағдай ешбір мектепте қайталанбауы тиіс. Сондықтан Астана қаласы және Ақмола облысы әкімдерінің атына білім басқармалары басшыларына қатысты бақылауды төмендеткені үшін тәртіптік шара қолдану жөнінде Оқу-ағарту министрлігінен ұсыным-хат жолдаймыз, - деп айтты комитет басшысы.

Қаныбек Жұмашев министрліктің білім ұйымдарындағы барлық жағдайды бақылауда ұстап отырғанын ескертті.

Ол Білім басқармалары басшыларына функционалдық міндерттеріңізді тиісті деңгейде атқаруды тапсырды:

  1. білім ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесіне бақылауды күшейтуді;
  2. жоғары деңгейдегі тәрбие мен білім сапасын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
  3. қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста болуды.

Өңірлердегі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттеріне:

  1. Білім ұйымдарында оқу-тәрбие процесінің ұйымдастырылуына бақылау күшейтілсін. Оның ішінде үшауысыммен оқитын мектептерге ерекше назар аударылсын;
  2. Қалалық, аудандық білім бөлімдері және мектеп директорларымен кеңестер өткізілсін. Мектепішілік бақылаудың жүзеге асырылуына мониторинг жүргізсін;
  3. Мониторингі нәтижесі бойынша әр мектептердегі тәуекелдерді анықтап, білім басқармаларына шара қолдануға ұсыныстар жолдансын.
Өзгелердің жаңалығы