Танымал режиссер Сатыбалды Нарымбетов өмірден өтті

8 Шілде 2021, 09:00
2733
Бөлісу:
Танымал режиссер Сатыбалды Нарымбетов өмірден өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер және актер Сатыбалды Нарымбетов 75 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қайғылы хабарды Мәдениет министрлігі растады. 

Сатыбалды Нарымбетов 1946 жылы 7 наурызда Түркістан облысы Түркістан ауданы Ащысай ауылында туған. Мәскеу қаласындағы мемлекеттік кинематография институтын бітірген. 1984 жылы жоғары режиссерлік курсты (Г.Н. Данелияның шеберханасы бойынша) бітірген.

1969 жылдан «Қазақфильм» студиясында сценарист әрі кинорежиссер ретінде қызмет етті. 1970 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері болды. Ал 2005 жылдан бері Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Дебют» бірлестігінің жетекшісі болған еді.

«Құрманғазы» атты деректі фильмін (1972 жылы), «Зауал» (1981 жылы), «Күзгі бұралаң жол» (1984 жылы) қысқа метражды фильмі, «Ұрын келген күйеу» (1987 жылы), «Созақтан шыққан Гамлет» (1990 жылы), «Көзімнің қарасы», «Жас аккордеоншының өмірбаяны» (1994 жылы), «Омпа» (1998 жылы) және тағы басқа көркем фильмдерге режиссерлік еткен.

Белгілі жазушы, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовтің қатты сырқаттанып, комаға түсіп қалғаны туралы жазған болатынбыз.

BAQ.KZ ұжымы Сатыбалды Нарымбетовтің қайтыс болуына байланысты туған-туыстарына көңіл айтады.

Өзгелердің жаңалығы