Тамыздан бастап мерекелік төлемдерді ЖИ тағайындайды

Еңбек министрлігі әлеуметтік қолдау шараларын цифрландыруды күшейтіп, бір өтініш арқылы қызмет алуға мүмкіндік беретін бірыңғай платформаны барлық өңірде іске қосты

11 Тамыз 2026, 12:19
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 11 Тамыз 2026, 12:19
11 Тамыз 2026, 12:19
245
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда әлеуметтік-еңбек саласына цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын жүйелі түрде енгізу жалғасып жатыр. Негізгі мақсат – мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді азаматтар үшін жеңіл әрі қолжетімді ету. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, әлеуметтік қолдау саласында өтініш беру қағидатынан проактивті модельге көшуге басымдық беріліп отыр.

Министрлік әлеуметтік-еңбек саласына цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын жүйелі түрде енгізіп жатыр. Мақсатымыз – мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді азаматтар үшін жеңіл және қолжетімді деңгейіне жеткізу болып табылады. Негізгі басымдық өтініш білдіру қағидатынан – проактивті модельге көшуге берілді. Бұл модель аясында мемлекет азаматтың қолдауға қажеттілігін алдын ала анықтап, оған қажетті нәтижеге қол жеткізгенге дейін сүйемелдейді, – деді Асқарбек Ертаев.

Әлеуметтік қолдаудың бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды

Министр негізгі жобалардың бірі – Әлеуметтік қорғау шараларының бірыңғай цифрлық платформасын енгізу екенін атап өтті.

Жүйе өңірлер бөлінісінде қолдау шараларын тағайындау, шешім қабылдау және қаражат төлеу процестерін біріктіреді.

Бұрын азамат мемлекеттік органдарға жүгініп, растайтын құжаттарды жинайтын және олардың тексерілуін күтуге мәжбүр болатын. Енді бір ғана өтініш беру жеткілікті: қажетті мәліметтерді платформа мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады. Содан кейін шешім қалыптастырылады және төлем қамтамасыз етіледі, – деді министр.

Оның айтуынша, ағымдағы жылғы маусымнан бастап платформа еліміздің барлық 20 аймағында өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді.

Платформа арқылы жергілікті атқарушы органдар көрсететін 13 қолдау шарасы цифрлық форматта ұсынылады.

Олар:

  1. емделуге (сауықтыруға);
  2. гемодиализ аппаратын пайдаланатын I топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
  3. тірек-қимыл аппараты ауруларын емдеуге;
  4. мүгедектігі бар балаларды емдеуге;
  5. созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын адамдарға;
  6. дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге;
  7. санаторийлік-курорттық емделуге;
  8. коммуналдық қызметтерді төлеуге;
  9. тұрғын үйді күтіп ұстауға;
  10. телефон үшін абоненттік төлемді төлеуге;
  11. тұрмыстық қажеттіліктерге;
  12. қатты отын сатып алуға;
  13. ақшалай көмек түріндегі әлеуметтік қолдауды қамтиды.

Біржолғы әлеуметтік төлемдерді ЖИ тағайындайды

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, ағымдағы жылғы тамыздан бастап әкімдіктер көрсететін мемлекеттік қолдаудың біржолғы шаралары, атап айтқанда, мерекелік және атаулы күндерге берілетін төлемдер жасанды интеллект көмегімен тағайындалады.

Жүйе алушыларды алдын ала анықтайды және тағайындау жобасын қалыптастырады. Төлемді жүзеге асыру туралы түпкілікті шешімді жергілікті орган қабылдайды, – деді ол.

Қыркүйек айында eGovMobile арқылы өтініштер беруді қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Ал қазан айында мемлекеттік қолдау шараларын атаулылығы мен мұқтаждық деңгейін ескере отырып, нысаналы түрде тағайындау үшін жасанды интеллектіні енгізу жоспарланған.

Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, ЖИ енді жұмыс, зейнетақы және еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне араласады.

Тағы оқи отырыңыз:

Жұмысты енді адам емес, жұмыс адамды өзі табады – Еңбекмині

Қазақстанда жасанды интеллект жәрдемақыны кімге тағайындау керегін өзі анықтайды

Наверх