Байсуфинов: Біз қарсыластың қателігін күтпей, өз стилімізде ойнауға тырысамыз

4 Қыркүйек 2021, 19:29
8205
Бөлісу:
Байсуфинов: Біз қарсыластың қателігін күтпей, өз стилімізде ойнауға тырысамыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Финляндиямен болатын матч алдында баспасөз мәслихатына қатысып, жергілікті тілшілердің сұрақтарына жауап берді. 

Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

- Талғат Маруаұлы ертеңгі ойын жайлы қандай пікірдесіз?

- Менің ойымша, бізді қызықты ойын күтіп тұр. Біз қарсыластың деңгейін жақсы білеміз. Олар соңғы кездері халықаралық аренада жоғары деңгейлі ойын көрсетуде. Бұл біз үшін тағы бір сынақ болып саналады. Бұл ойынға жақсы дайындалдық. Ертеңгі матч екі команданың да жанкүйерлеріне ұнайды деген ойдамын.

- Украина мен Финляндия құрамаларын салыстыра аласыз ба?

- Біз Украинаға қарсы екі ойын өткіздік. Ал Финляндияның тек Еуропа чемпионатындағы ойындарын және топтағы басқа қарсыластармен болған матчтарын тамашаладық. Бізде қарсылас жайлы ақпараттар бар, талдау жасадық. Бірақ әлі Финляндияға қарсы ойнаған жоқпыз. Ертеңгі ойыннан кейін қос құраманың күшін салыстыруға мүмкіндік туады.

- Қазір Қазақстан құрамасы белсенді түрде ойнауда. Бұл футболшылардың физикалық жағдайына қалай әсер етеді?

- Біз Украинамен, Финляндиямен, сондай-ақ Босния және Герцеговина құрамасымен ойнаймыз. Демек бір аптада үш ойын өткізуге тура келеді. Финляндия тек жолдастық кездесу өткізді, ал Франциямен ойнаған Босния құрамасы ертеңгі турда демалады. Сондықтан қос команда да бізге қарсы матчта жаңа серпінмен шығады. Осыны ескеретін болсақ, біздің жігіттердің физикалық жағдайы қарсыластан әлсіздеу болмақ. Біз осы іріктеу кезеңі басталмай жатып футболшылардан сынақ алдық. Сондықтан алдағы матчтарда ротация жасау арқылы жоғарғы қарқынмен ойнайтын боламыз.

- Рамазан Оразов Финляндия шабуылшысы Тьему Пуккиді ерекше атап өтті. Осы ойыншыға қарсы қолданар жоспарларыңыз бар ма?

- Украина мен Финляндия құрамаларында жеке шебірлігі жоғары ойыншылар бар. Бірақ мен Финляндияның командалық ойынын ерекше атап айтар едім.

Украинаға қарсы екі матчта көргендеріңіздей, бізде де көшбасшы ойыншылар бар. Бірақ біз командалық ойынды бірінші орынға қоямыз.

- Қазақстан құрамасы соңғы жылдары атап айтатындай жеңіске жетіп жүрген жоқ. Украина қақпасына соңғы минуттарда соғылған гол сізге қалай әсер етті?

- Өте жақсы сұрақ. Бұл гол қазақ футболы үшін алаңдайтын жанкүйерлердің сенімділігін арттырды. Және біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды білдіреді.

Біздің осы іріктеу кезеңіндегі мақсатымыз құрамды жаңарту және жасарту болды. Қазір осы бағытта жұмыстар істелініп жатыр.

- Ертеңгі матчта тең түссеңіздер, бұл сіздер үшін жақсы нәтиже бола ма?

- Ертеңгі ойынға тең нәтиже үшін шықсақ, ұтылатынымыз анық. Ал жеңіске жетеміз деген мақсат қойсақ, кем дегенде тең ойнауға болады. Сондықтан біз тек жеңіс үшін ойнаймыз. Біз қорғаныста жатып, қарсыластың қателігін күтпей-ақ, өз стилімізбен ойнауға тырысамыз.

Өзгелердің жаңалығы