Талғат Балтабаев: Қиын кезеңде Мемлекет басшысы халықпен бірге болды

18 Қаңтар 2022, 15:07
3148
Бөлісу:
Талғат Балтабаев: Қиын кезеңде Мемлекет басшысы халықпен бірге болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев Мемлекет басшысының ел тұрмысын тіктеуге бағытталған жаңа тапсырмасына қатысты пікіп білдірді.

- «Қаңтар қасіреті» бірінші кезекте бұл оқиға кімдерге сабақ болды? 

– Қаңтардағы оқиғадан билік үлкен сабақ алды деп ойлаймын. Билік халықтың пікірімен санасуы керек. Оның әлеуметтік ахуалын көтеруге бар жағдайды жасауы керек. Қаңтардағы оқиға халықтың хал жағдайына қарамастан газ бағасының негізсіз өсуінен бастау алды. Қымбатшылыққа қарсы халық өз наразылықтарын айтты. Бұл жағдайды елде бүлік шығарғысы келгендер ұтымды пайдаланып кетті. Бұл енді өз алдына бөлек тақырып. Айтайын дегенім, биліктегілер қарақан басының қамы емес, бүтін халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі керек. Тағы бір мәселе, халық билікке талап қойғаны дұрыс. Бірақ тұтас билікке қарсы шығып, олардың барлығының жаппай орнын босатуын талап ету дұрыс емес. Бұл менің жеке пікірім. Себебі басшысы жоқ елде хаос болады. Кешегі қаңтар оқиғасы кезінде біз оған анық көз жеткіздік. Бұзақылар, мародерлер сауда үйлерін тонап, банкоматтарды қиратып кетті. Салдары не болды? Басқасын айтпағанда халықтың нан алуы қиямет-қайымға айналды. Дүкендерде ұзын-сонар кезек қалыптасты. Қаншама жұрт картадағы ақшасын шешіп ала алмай  сабылды.  

-Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылды. Қоғамдық қордың тиімділігі мен артықшылығы қандай?

– Аталған қордың ең басты ерекшелігі оның мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылғанында болып отыр. Және тағы бір артықшылығы оған Президентіміз айтқандай ірі бизнес тарапынан қомақты жарналар тұрақты түрде түсіп отыратыны. Қазірдің өзінде аталған қорға құрылғанына өте қысқа мерзім болғанына қарамастан заңды тұлғалар тарапынан 12 млрд теңгеден астам аударым жасалған екен. Қордың мақсаты айқын. Ақшалар әлеуметтік, денсаулық, мәдениет салаларындағы мәселелердің шешілуі үшін қайырымдылық көмек ретінде жаратылатын болады. Билік осындай уәделі мәлімдеме жасап отыр. Айтылған сөз, нақты іске асып, нәтижесін көрсетеді деп сенемін. Сол кезде ғана қордың тиімділігі туралы кең отырып айтуға болады.

– Лаңкестік кезде Үкімет бірқатар шұғыл тапсырмаларды іске асырып, жағдайды тұрақтатты. Егер сол кезде жедел әрекет таныпағанда салдары қалай болар еді?

– Қаңтар оқиғасы ел басына күн туған сәт деп айтуға болады. Сондай сын сағатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев едел-жедел әрекет етті. Нақты шешімдер қабылдады. Ең бастысы халықпен бірге болатынын, бұл қиындықтан өтіп, қалыпты өмірге оралатынымызды айтты. Және айтқан сөзіне жалпақ жұртты ерте алды. Шұғыл шешімдер қабылдады. Бұған бәріміз куә болдық. Болып жатқан оқиғаларға қарамастан бағдарынан жаңылмай, нақты қадамдарға бару кез келген басшының қолынан келе бермейді. Мәселен, былтыр Ауғанстан провинцияларын тәліптер басып алып жатқанда елдің президенті ұшаққа мініп кете барды. Халқын қиын жағдайға қалдырып кетті. Ал біздің Президентіміз елордадан ешқайда кетпейтінін айтып, табандылық танытты.

Өзгелердің жаңалығы