Талғарда тағы трагедия: 20 жастағы жігітті бір топ адам соққыға жығып өлтірген

Марқұмның туыстарына қысым жасалып жатыр

Бүгiн 2026, 10:29
АВТОР
 ©️ Марқұмның жақындарынан. (сол жақта Анвар Мусаев) Бүгiн 2026, 10:29
Бүгiн 2026, 10:29
141
Фото: ©️ Марқұмның жақындарынан. (сол жақта Анвар Мусаев)

Алматы облысына қарасты Талғар қаласында тағы бір трагедия болды. 20 жастағы Анвар Мусаевтың жақындарының айтуынша, оны бір топ жігіт соққыға жығып, өлтіріп кеткен. Қайғылы оқиға туралы марқұм жігіттің қарындасы Тахмина Османжанова хабарлады. 

Оқиға 12 сәуірде Талғарда болған. Қарындасының айтуынша, жігітке 10-нан аса адам шабуыл жасаған. 

Бұл кездейсоқ аяқ асты болған емес, бұл салқынқанды топтық шабуыл болды. Оны қоршап, қорғануға мүмкіндік бермеді. Алған пышақ жарақаттарынан ол оқиға орнында көз жұмды. Бізде бұл оқиғаның видеосы дәлел ретінде қолымызда тұр. 30-дан астам куәгер бар. Бірақ соған қарамастан, қамауда тек бір ғана адам отыр, - дейді Тахмина. 

Марқұмның қарындасының сөзінше, қылмысқа қатысы болуы мүмкін қалған адамдар бостандықта жүр. 

Тіпті отбасымызға қысым жасалып жатыр. Бізді «татуласу» туралы құжатқа қол қоюға және талап-шағымдардан бас тартуға мәжбүрлеп жатыр. Бұл – жауапкершіліктен жалтару әрекеті. Біз үнсіз қалмаймыз, - дейді ол. 

Марқұм жігіттің қарындасы қылмысқа қатысы болуы мүмкін адамның бірі бұған дейін де осындай жайттарға қатысы болыпты. Сонымен қатар, марқұм жігіттің қарындасы Тахминаның айтуынша, күдікті бала кезінен-ақ аңшылық пышақпен жүретін көрінеді. 

Отбасының талабы 

20 жастағы Анвар Мусаевтың отбасы құзырлы органдарға үндеу жасады. Олар қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтауды,  әрбір қатысушыны ұстауды, әділ әрі объективті тергеу жүргізуді, отбасын қысымнан қорғауды қамтамасыз етуді талап етті. 

Полиция пікірі

Полиция қызметкерлері 12 сәуірде Гүлдала ауылындағы мейрамханалардың бірінде болған оқиғаға байланысты кісі өлтіру және бұзақылық фактілері бойынша екі қылмыстық іс қозғаған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында және дер кезінде таратылған бағдарлар негізінде 20 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынған.

Сонымен қатар, бұзақылық фактісі бойынша тағы үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұдан бөлек, сот екі адамға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Ал кәмелетке толмаған күдіктіге қатысты қоғамнан оқшаулауға байланысты емес бұлтартпау шарасы қолданылды.

Оқиғаның барлық куәгерлері анықталып, қылмыстық іс аясында жауап алынды.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Барлық тараптың уәждері мұқият тексеріліп жатыр.

Тергеу барысы Алматы облысының Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Естеріңізде болса, осыған ұқсас жағдай Талғарда орын алған еді. 2024 жылы 4 қазанда түнде Талғарда жасөспірім қаза тапты. Белгілі болғандай, 16 жастағы Шерзат Болат сатып алушымен арада шиеленіс туындаған кезде әкесінің дүкенінде оған көмектесіп жатқан.

2025 жылғы 5 маусым күні Шерзат Болат ісі бойынша 9 сотталушыға үкім шықты. Жасөспірімнің өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жасөспірім өлімі туралы істі ішкі істер министрі Ержан Сәденов жеке бақылауына алды. 

Бұған дейін Талғарда Шерзат Болат пен оның ағасына арналған жылдық ас берілгенін жаздық.    

Сондай-ақ, Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталған екі азамат үкіммен келіспей, толық ақтауды сұраған еді. 

Наверх