Талдықорғандағы «Жастар саябағы» тозып барады

22 Маусым 2023, 16:12
1664
Бөлісу:
Талдықорғандағы «Жастар саябағы» тозып барады
PHOTO
Фото: автордан

Қала тұрғындары шаһар басшысы Әсет Масабаевқа наразы. Кешкі серуендейтін көрікті орынның баяғыдай емес, сәні кетіп, сейілі азайған, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Жетісу өңірінің орталығындағы бірден бір мәдени орталық – Жастар саябағы. Қалаға кіре берісте, яки оңтүстік-батыс шағын ауданында салынған демалыс мекенінің басқа саябақтардан қарағанда бәсі жоғары. Құрылысы 2011 жылы басталған саябақ ұзақ уақыт бойы жұмысы жүрмей, кейіннен облыс әкімі Амандық Баталовтың кезінде жанданып, ел игілігіне берілді. Сол уақыттағы өңір басшысының жеке қадағалауымен 2015 жылы ашылып, содан бері қала тұрғындарының ғана емес, алыс жақын ауыл-аймақтағы ағайынның көз қуанышына айналып келеді. Дегенмен бүгінгі жағдайын көрген адам олай демес еді.

Талдықорғандағы «Жастар саябағы» тозып барады

Мұнда о баста қазақтың айтулы ақыны Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші, музыкалық субұрқақ, шағын сәулеттік формалар орнатылған, 1000 түп ағаш та отырғызылған (есеп бойынша). Қарағай, емен, тал, жұпаргүл мен шыршаның түр-түрі егілген. Көгалдандыру жұмыстары да жылда үзбей жүріп тұратын. Әйтсе де қазір ақынның ескерткішінің алдында орнатылған жарық шамдар қирап жатыр. Музыкалық субұрқақ жұмыс істемейді. Егілген 1000 түп ағаштың саны 100-ге де жетпейді. Көгалдандыру жұмыстары мүлде жүрмеген, тіпті жасыл шөптер шіріп, сарғайып жатыр. Аумағы 11,2 гектарды құрайтын саябақтың айналасы қоқысқа толы. Кіре берістегі қақпа эскиздері кетілген. Ең жаманы төселген гранит плиталар үгітіліп жатыр.

Талдықорғандағы «Жастар саябағы» тозып барады

Бұрындары саябаққа келуге асығатынбыз, қазір сәні мен мәні кетіп барады. Гүлдердің керемет түрлері көздің жауын алатын, бүгінде былтырдан қалған раушандар ғана гүлдеп тұр, оның өзі суғарылмаған, бүрісіп барады. Көгалдарды көріп тұрсыздар, сарғайып кеткен. Ағаштар мүлде су ішпегені көрініп тұр. Отыратын орындықтардың дені сынған, айналма жолдарының жиегіндегі ағаш төселген жолдар сынып, тіпті балаларымыздың аяғына кіруде, - дейді қала тұрғыны Айман Қасенова.

Саябақ ішінде отыз мың шаршы метр жерді алып жатқан сәнді де салтанатты алаңқайларға жастар бұрынғыдай көп бармайды. Неге? себебі қызық жоқ. Алғашқы жылдардағыдай түрлі шаралар өткізілмейді, тым мимырт, тек қытайдан әкелінген алуан ойыншықтарды сатып отырған кішкентай кәсіпкерлерді ғана көресіз. Ары-бері қыдырып жүрген жұрт көп ұзамай іші пысып қайтып кетеді.

Жастар саябағы деп аты аталғанымен жастарға сай ештене ұйымдастырылмайды. Субұрқақ істеп тұрғанда жақсы еді, музыка ойнып, көңіл көтеретінбіз. Қазір оның бірі де жоқ. Қала орталығындағы саябаққа барғымыз-ақ келеді, бірақ ол жақтың алаңы тар, әрі үйге алыс. Сондықтан кешке осы маңда серуендейміз, - дейді мектеп оқушысы Айдар Арманұлы.

Біздің бір байқағанымыз, Алматы облысынан бөлінгелі Жетісудың орталығы Талдықорған қаласын абаттандыру һәм көгалдандыру жұмыстары біршама баяулаған. Жауапты мамандар, қаржының тапшылығын ілікке алуда. Қазір «Жастар» саябағында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның өзі бір тоқтап, бір істеліп әбден халықтың ығырын шығаруда. Айналасы сарғайып бара жатқанын көрген тұрғындар ең құрымаса суару жұмыстары жасалғаны жөн дейді. Себебі жайқалып өсіп тұрған ағаштардың тамыры шірісе қайта егуге тура келеді. Кезінде аудан жастарын ортаға тартып бір-бір түптеп отырғызған ағаштарды қайта егу артық шаруа. Бірақ қала әкімі бұдан хабардар емес секілді.

Талдықорғанның көркі мен келбеті осы «Жастар саябағынан» бастау алады. Жан-жағы толған зәулім ғимараттар, оның үстіне жаңа шағын ауданға жақын, сондағы халық жиі келіп, қыдырып, серуендейді. Қазір мұнда бұрынғыдай емес, тұрғындардың саны аз, тіпті кейбірі келмейді де. Бұрын субұрқақтың әуеніне қызықтап немеремізді ертіп әкелетінбіз, оны да қойдық. Сосын сырттан келген қонаққа көз қылып көрсететін сәнді жеріміз осы еді. Оны да ойлаған жөн, - дейді зейнеткер Кенжетай Үсенбаев.

Талдықорғандағы «Жастар саябағы» тозып барады

Расымен Талдықорғанның ең танымал һәм таңғажайып орны ол – Жастар саябағы. Қалаға қонақ болып келген әрбір адамға мақтана көрсететін мәдени орын да осы жер. Бірақ кенезесі кепкен ағаштар мен аңқасы құрғаған көгалдарды көріп көңіл күпті болып жүр. Қала әкімінің құлағына «алтын сырға».

Өзгелердің жаңалығы