Талдықорғандықтар өрт кезінде адамдарды құтқарған полицейге алғыс білдірді

18 Қараша 2020, 19:00
1275
Бөлісу:
Талдықорғандықтар өрт кезінде адамдарды құтқарған полицейге алғыс білдірді

Алматы, BAQ.KZ.  Талдықорған полицейлері көпқабатты үйден шыққан өрт кезінде тұрғындарды дер кезінде эвокуациялады, барлық тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді.

Өрт облыс орталығының 6-шағын ауданында орын алған. Кезекші бөлімнен түскен ақпарат бойынша оқиға орнына жедел жеткен 165 борт құрамындағы полиция аға лейтенанты Фархад Турдиев пен полиция кіші лейтенанты Дәурен Нәрікбаев шұғыл түрде тұрғындарды қауіпсіз аумаққа шығаруға кіріскен.

Үйдің бесінші қабатында кабельдер өртеніп жатқандықтан, кіреберісті түтін басып кетті. Бірден тұрғындардың есіктерін қағып, шұғыл далаға шығуларын өтіндік. Пәтерлердің бірінен жүре алмайтын, мүмкіндігі шектеулі қария мен балаларды көтеріп, аулаға шығардық. Өрт сөндіру, Жедел жәрдем қызметтері дер кезінде келіп, қызметтерін көрсетті,- деді Талдықорған ҚПБ патрульдік полиция инспекторы кіші лейтенант Дәурен Нәрікбаев.

Тілсіз жаудың тұтанғаны туралы хабар дер кезінде беріліп, тәртіп сақшыларының талапқа сай жасаған әрекеттерінің арқасында зардап шеккендер жоқ. Қауіпсіздік шаралары қабылданған соң, тұрғындар өз үйлеріне жіберілді.

Өзгелердің жаңалығы