Талдықорған қаласындағы аулалық футбол клубтарына 1000 доп таратылды

28 Мамыр 2019, 11:45
2340
Бөлісу:
Талдықорған қаласындағы аулалық футбол клубтарына 1000 доп таратылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен «Жетісу» стадионында өткен дәстүрлі «Футбол мерекесінде» Талдықорған қаласындағы аулалық футбол клубтарының жас ойыншыларына 1000 доп таратылды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Алдымен Алматы облысы әкімдігі мен ардагерлер командаларының арасында футболдан жолдастық кездесу өткізілді. Облыс әкімі Амандық Баталов әкімдік командасының капитаны ретінде ойынға қатысты. Матч 2:2 есебімен тең аяқталды.

Футболшы балаларды мерекемен құттықтаған Амандық Баталов дене шынықтырудың мән-маңызы туралы айта келе, спорттың қай жаста да пайдалы екенін атап өтті. Кешегі мықты спортшылардың біразы осы матчта балаларға үлгі ретінде доп тепкенін де тілге тиек етті.

«Қазір Талдықорғанда спорттық нысандар біршама бар. Оған қоса жүзу бассейнін салып жатырмыз. Соның бәрі сендер сияқты жас балалардың болашағы үшін. Спортты жақсы көріңдер, спортпен айналысыңдар, жаман әдеттерден аулақ болыңдар. Болашақта сендердің араларыңнан футболдың аңызына айналатын мықты спортшылар шығуына тілектеспін!», - деді Амандық Баталов.

Құттықтау сөзден кейін аула клубтарының ойыншыларына футбол доптары таратылды. Осы күні жалпы саны 1 мың доп берілді.

Жас аяқдопшылар атынан Зиделхан Ахмади сөйлеп, спортсүйер балаларға жасалып отырған барлық қамқорлықтар үшін рахмет айтты.

Мереке аясында «Жетісу» ФК ойыншыларының қолтаңбасы қойылған доптар да балаларға сыйға тартылды.

Өзгелердің жаңалығы