Қазақстанда жаңа оқу жылына мектептердің дайындығын мониторингтеу қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 8,4 мың нұсқама берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, маусым айында жүргізілген мониторинг барысында мектептердің 99%-ы, яғни 7 121 нысан, мектептердегі медициналық пункттердің 96%-ы – 6 256 нысан, сондай-ақ мектеп-интернаттардың 99,2%-ы – 262 мекеме қамтылды.
Тексеру қорытындысы бойынша жедел ден қоюдың 287 шарасы қабылданды. Оның ішінде 247 нысанның қызметіне тыйым салынды. Соның 240-ында санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болмаған, ал тағы 7 мектеп апатты жағдайдағы ғимараттарда орналасқан.
Бұдан бөлек, 40 нысанның қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды. Оған ғимараттардың санитариялық-техникалық жағдайының талапқа сай болмауы, инженерлік коммуникациялардың ақауы және нысандарды қауіпсіз пайдалануға қажетті жағдайдың жасалмауы себеп болған.
2026 жылғы 13 тамыздағы жағдай бойынша берілген нұсқамалардың 82,8%-ы орындалды. Бұл – 6 961 нысан.
Ақмарал Әлназарова мектеп асханаларына да жеке тоқталды. Мониторингпен тамақтану нысандарының 95%-ы, яғни 6 338 асхана қамтылған.
Жаңа оқу жылында мектеп асханаларында Тамақтану стандартының талаптары қатаң сақталуға тиіс, – деді министр.
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын балаларға арналған нысандарда мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібі қолданылады. Ол нысандарға барып мониторинг жүргізуге және жоспардан тыс тексерулер өткізуге мүмкіндік береді.