Табысы тамағынан артылмайды - Депутат пәтер жалдап жүргендердің қаржы жинау мүмкіндігі жайлы

1 Қараша 2023, 17:24
529
Бөлісу:
Табысы тамағынан артылмайды - Депутат пәтер жалдап жүргендердің қаржы жинау мүмкіндігі жайлы
Фото: ortcom.kz

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында халықты баспанамен қамту мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бюджет қандай болуы керек?! Мемлекеттік бюджет адал, әділ және ашық болуы тиіс. Бұл менің сөзім емес, бұл Президенттің сөзі, нақты тапсырмасы. Осы ретте, бұл бюджет – 650 мың кезекте тұрған үйсіз халықтың, 2,5 млн жан бағып жүрген күйсіз жұрттың, 1 млн жұмыссыз жанның, 7,5 млн ауыл тұрғынының мәселесін шешуі керек еді. Десе де, инфляцияның тоқтамауы, қымбатшылық мәселесі, жастар арасындағы жұмыссыздық, МӘМС жүйесінің реттелмеуі, үш ауысымдық мектептер мәселесі, лайықты жалақы мен тас жолдарды уақтылы салу проблемасы елімізде жетерлік, - деп айтты депутат. 

Бейсенбаев осы ретте халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппай отырғанын атап өтті. 

Қазір бірде-бір мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қалмады. Өзін әлеуметтік мемлекет деп таныған ел үшін – бұл нонсенс. Дәл бүгін үй кезегінде 650 мың адам тұр. Бұл дегеніміз шамамен 2 млн отбасының мүшелері пәтер жалдап жүр деген сөз. Оның ішінде, олардың үштен бірінің қаржы жинау мүмкіндігі мүлдем жоқ, яғни тапқан табысы тамағынан артылмайды. Жылына 9 мыңға жетер-жетпес қана әлеуметтік бағыттағы үй салынады. Ал бір жылда кезекке 50 мың адам тұрады. Бұл қандай саясат, бұл нендей менеджмент? Әріптестер, үй болмай, күй болмас! Бұл бір, - деді Ернұр Бейсенбаев. 

Депутат атағандай, бөлінген қаражаттың уақытылы игерілмеуі көп іске қолбайлау болып отыр.

Бұған бір ғана мектеп мәселесін мысалға келтірсек те жеткілікті. Мәселен, бюджеттен 2023 жылы мектептердің құрылысына бөлінген қаражаттың көлемі 164 млрд теңге болса, оның тек 37 пайызы ғана игерілген. Бұл – үлкен проблема. Үшіншіден, жыр болған мемлекеттік сатып алудың тағы бір олқы тұсы. Бюджеттен ақша бөлеміз, ал қажетті жұмыстар басталмайды, нысан салынбайды. Бірін-бірі сотқа сүйреген компаниялардың жеке мүддесі мен ренішінен әлеуметтік нысандар тоқтап қалып жатыр. Бұл іс кемінде 3-4 ай қарастырылады. Соңында, жоба құны қымбаттайды, нысан уақтылы салынбайды. Көбінде шағым дәйексіз болады, - деді ол. 

Депутат осы себептен заңнамада негізсіз шағымданушылардың да жауапкершілігін қарастыратын уақыт жеткенін мәлімдеді.

Шағым расталмаса, онда компанияға айыппұл салынуы тиіс. Сонда талапкер сотқа берерден, шағым жазардан бұрын ойланады. Төртіншіден, инфляция ауыздықталмай, қымбатшылық өршіп барады. Бұл өз кезегінде ел азаматтарының әл-ауқатының төмендеуіне әкеліп соғып жатыр. Халық тапқан-таянғанының жартысынан көбісін азық-түлікке жұмсауға мәжбүр. Бізді қалыптасқан осы жағдайдың өзгермей отырғаны алаңдатады. Бұл ретте Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Бесіншіден, халықтың несие алу деңгейі өте жоғары. Мысалы, биыл алынған несиенің көлемі 18,1 трлн теңгеге жеткен. Бұл бюджетке пара-пар қаражат, - деді ол. 

Оның айтуынша, несие алушылар саны 8,4 млн адамды құраса, олардың ішінде 1,5 млн адам қарызды қайтара алмайтындар қатарында. 

Бұл көрсеткіш – халықтың төлем қабілетінің төмендеп кеткенінің айқын дәлелі. Яғни халқымыз бір қарызды екінші қарызбен жауып жүр. Ендігі бір мәселе – Ұлттық қорға сенім артқан Үкімет. Әріптестер, Мемлекет басшысының өзі бірнеше рет Ұлттық қорға қол созуды, оған сенім артуды қою керектігін дөп басып айтты. Сол үшін, «Ұлттық қор – балаларға» жобасын арнайы енгізді. Енді бұл қорды 6,5 млн баланың ата-анасы бізбен бірге қадағалайды. Бұдан былай ол жақтан триллиондарды емес, миллиондарды алудың өзі оңайға соқпайды, - дейді депутат. 

Ол ендігі кезекте ішкі ресурстарға сүйенуге, заңсыз иемденген қаражаттарды тезірек қайтаруға және қолда бар қаражатты аса қырағылықпен тиімді пайдалануға күш салу керегін айтты. 

Бюджеттік дефицит пен қарыздарымыз алқымымыздан алып тұр. Ел болып табатынымыз – 16,5 триллион, ал жұмсайтынымыз – 24 трлн. Яғни 30 процент қарыздан, қордан құралады. Бұл – өте қауіпті құбылыс, яғни қаржылық баланс жоқ. Сондай-ақ 2026 жылы бюджеттің нақты 3,5 триллион теңгесі қарызды жабуға жұмсалатын болады. Біз қайда барамыз. Етек-жеңімізді жинайтын уақыт пісіп жетілді. Көрпемізге қарай көсіліп, келер ұрпақтың қарызын азайтудың қамын ойлайық, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы