Табыстың сыры – табандылықта

9 Наурыз 2020, 14:32
4718
Бөлісу:
Табыстың сыры – табандылықта
PHOTO

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Бұл – кәсіпкер, көпбалалы ана Ғалия Алдабергенованың өмірлік ұстанымы. Көкшетаудағы "Ақай" сән үйін басқарып отырған кәсіпкер отандық сән индустриясын дамытуға өз үлесін қосып келеді.

–Сән үйі жұмысын қашан бастады? Оны ашуға не түрткі болды? 

– 18 жасымнан тігіншілікпен айналысып келемін. Негізі тігіншілік өнер нағашы әжемнен дарыған. Қолынан оймағы түсіп көрмеген әжем Ақай марқұм түлкі тымақ, құндыз бөрік, тон, ішік, шапан тігіп, сырмақ сыратын. 2003 жылы шағын үйімізде тігін шеберханасын аштық. Жаныма үш тігінші алдым. Несиеге үш бөлмелі пәтер алып, цехты көшірдік. Жаңа құрал-жабдықтар алдық. Жасаған өнiмiмiздiң өтетiнiне, сұраныстың барлығына көзiм жеткен соң, ақырындап киiм тiгудi көбейте бастадық. 2007 жылы шағын ателье ашқанымызбен, тапсырыс көп болғандықтан, орын тарлық етті. Жеке сән үйін ашу ойда жүрген арманым еді. Әрине, бәрі бірден бола қойған жоқ. Қолым қалт еткенде ойша макетін құрастырып, ішіне қойылатын әр заттың суретін салатынмын. Кейін жеке сән үйін аштық. Әжемнің құрметіне атауын "Ақай" деп қойдым. Сән үйін ашуға ең алдымен отандық өнімді көбейтуге деген ынтамыз түрткі болды десек болады. Сонымен қатар, шетелдерден келетін киімдерді өз өңірімізде де сапалы етіп шығаруға мүмкіндік мол екенін көрсетуді мақсат тұттық. Кәсіп ашу барысында қатты қиын болды деп айта алмаймын. Егер ұзақ ойланып, кәсіп ашу үшін қандай идея керек деп мың ойланып-толғанып жүрсем мүмкін қиындық туындар ма еді?! Жұбайым Амангелді Сәрсекеевтің мамандығы қаржыгер болғандықтан, сән үйінің есеп-қисап жұмыстарын өзі жүргізеді. Қазір қарамағымда 18 адам жұмыс жасайды. Мен қазір сатының бар-жоғы екі баспалдағын аттадым десем де болады. Әлі биікке шығу үшін көп еңбек ету керек, тынбау керек, шаршамау керек. Кәсіптегі ең бірінші ұстанымның бірі – адалдық, әділдік, шындық, тазалық.

_Галия отбасымен.jpeg


 

– Халықтың сұранысы қандай?

– Сән үйінің жұмысына сұраныс жоғары. Астана, Петропавл, Қарағанды қалаларынан тапсырыс берушілер көп. мемлекеттiк тапсырыстар болады. Бұл – негізгі табыс көзіміз. Оркестрлерге, үлкен кештерге арнайы тапсырыс қабылдап, киiм тiгемiз. 500 костюм жалға беріледі. Көбіне бізге өзінің өлшеміне сай киім үлгісін таба алмағандар келеді. Олар біз ұсынған киім үлгілерін алады. Сән үйінің көмегіне жүгінген халық мұнда талапқа сай қызмет көрсетілетінін біледі. Біздегі мамандардың біліктілігі жоғары. Әркім өз жұмысын ықтиятпен орындайды. Жаңа технологияны қолданамыз. Қолмен пішілген киім компьютер-машинамен тігіледі

– Ой-қиялыңызға жаңа идея, жаңа киімнің дизайны қалай келеді?

–Көбіне мен киімнің үлгісін тапсырыс берушімен сұхбаттаса отырып сызамын. Екеуара ақылдасып отырып шығарамыз. Оның қалауын ескеремін. Солай жеңіл болады. Кей жерлерде эскизге қарап, соны ұнатып тапсырыс беретіндер болады. Мен олай істей алмаймын. Маған екеуара сөйлесіп шығарған ұнайды.

– Президент Қ.Тоқаев Көкшетауға келген сапарында "Ақай" сән үйінің жұмысымен танысқаны белгілі. Бұл кездесуден қандай әсер алдыңыз?

–Өңірде сән индустриясымен айналысатын кәсіпкерлер баршылық қой. Бірақ таңдау біздің сән үйіне түскеніне шынымен қатты қуандық. Осы ретте, қала әкімдігіне зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл жүздесу ұмытылмас оқиға, сән үйіне және отбасыма үлкен жарнама болды деуге болады. Президент шығарылып жатқан өнімдердің сапасын жоғары бағалап, ұжымға табыс пен өркендей беруді тіледі. Елбасы ризашылығы ұжымдағы қызметкерлерге де жігер беріп, ертеңге күнге деген сенімін арттырды. 

_Приезд Президента.jpg


 

–Көпбалалы анасыз. Үй тірлігі мен жұмысты қатар алып жүру қиындық тудырмай ма?

– Мен үшін отбасым, балаларым бірінші орында. Кәсіпкерлікпен айналысқалы бір күнім бос болған емес. Бірақ, кез-келген уақытта балаларым үшін уақыт табуға дайынмын. Жұмыстан шаршап қайтқанда балапандарым жүгіріп шығып мойныма асылғанда олардың риясыз күлкісі барлық қиыншылықты ұмыттырады. Қазір неше түрлі онлайн оқу курстары бар. Қызығушылығық болса, уақыт та, мүмкіндік те, тіпті, ақша да табылады. Ал балалар, біздің қозғаушы күшіміз. Олар бізді үнемі алға жетелейді. Отбасымызда алтын асықтай төрт ұлымыз бен үш қызымыз бар. Баланы бағып-қағу ата-ананың міндеті. Әр бала өз ырысымен келеді. Үй шаруасында Гүлия Ақбердина есімді бала күтушіміз көп көмек көрсетеді. Бизнеспен айналысқан адам уақыттың қадірін түсінеді. Кейде таныстарым "бәріне қалай үлгересің?" деп сұрайды. Уақытты дұрыс басқарып, қажетті құралдарды орнымен қолдансаңыз, үлгеруге болады. Бизнеспен айналысқан адам уақыттың қадірін түсінеді. Әрине, әйел адамға жағдай жасалмаса, жұмысының өрге басуы екіталай. Жұбайым жұмысыма үнемі қолдау көрсетіп, жігерлендіріп отырады. Сондықтан да үздік болуға ұмтыламын. Отбасында әкенің жауапкершілігі бір саты жоғары тұруы тиіс деп ойлаймын. Ең бастысы, ер мен әйел бір-бірінің дамуына кедергі келтірмеуі қажет. Еңбекке құрмет болған жерде барлығына қол жеткізуге болады. Кәсіпке бет бұрғалы, күнделікті кесте құратын болдым. Ең бастысы – еңбек ету. Осы ретте, балаларды да жастайынан еңбекке баулы қажеттігін баса айтқым келеді. Қазір ұлдарым да отбасылық бизнесімізге көп көмек көрсетеді.

–Өз кәсібіңізді жүргізуде, оны дамытуға мүмкіншілік қандай?

–Кәсіптің ебін табу бір бөлек те оны ары қарай дөңгелетіп алып кетіп, еңбектену ол бір бөлек. Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға жеткілікті көңіл бөлінуде. Ең бастысы, берілген мүмкіндікті пайдалану керек. "Даму" қорының оқу курстарына қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгердім. Бірде студент кезімдегі ескі блокнотымды тауып алдым. Оның алғашқы бетіне «жеке сән ательем болады. Шетелдерге саяхаттаймын» деп жазыппын. Бұл менің 15 жыл бұрынғы армандарым еді. Бизнесті дөңгелетіп алып кету үшін ең бастысы ниет керек. Басында күреп ақша тапсам деген ой болған жоқ. Сенімнің күшімен өзімнің көздеген мақсатыма жеттім. Табыстың сыры – табандылықта. Осы жылдар ішінде жұмыссыз отырған жоқпыз. Тапсырыс берушілердің саны көп, кейде тіпті үлгермей жатамыз. Бұл өте қуантарлық жайт.

_Дом моды.jpg


 

– Дизайнерге қандай қасиеттер тән болуы шарт?

– Әрине, ең алдымен жоғары талғам мен стильдік тұрғыдағы тамаша түйсік керек. Өкінішке қарай, бізде дизайнер маманда тапшы. Осыған дейін үш топты үш ай тігіншілікке оқыттым. Шеберлік сағаттарын өткіземін. Кейін көп қыздар жеке кәсіптерін ашты.

– Біздегі сән индустриясында бәсекелестік қаншалықты дамыған деп ойлайсыз?

– Шынын айту керек, бізде бұл бағытта бәсекелестік жоқ. Себебі біздерге киім әлі күнге сырттан әкелінеді. Тіпті күнделікті киетін киімдердің өзі бергісі Қырғызстан, одан әрі Қытай, Түркия, сапасы жағынан жоғарылары Италиядан әкелінеді. Ал өз елімізде киім өндіретін кәсіпорындар жоқтың қасы. Бар болса да бағасы көптің көңілін көншітпейді, қалтаға салмақ салады. Сапалы маталардың аздығы да тігін өндірісіне кедергі келтіреді.

– Неден шабыт аласыз?

– Мен өзімді жолы болғыштар қатарына жатқызамын. Өйткені, нені ойласам, қолым соған жетеді. Өйткені, кәсібім өзіме ұнайды. Өзгелерді
қуантамын. Біз тіккен киімді ұнатып сатып алып, риясыз рақметін айтқан тұтынушының алғысы да мені шабыттандырады. Өнер адамына шабыттану үшін сондай кішігірім ықыластың өзі-ақ жеткілікті.


 

Фото: кейіпкердің жеке архивінен


 

Өзгелердің жаңалығы