Төтенше жағдай. "Алғы шептегі" ақ халаттылар

14 Сәуір 2020, 21:20
1539
Бөлісу:
Төтенше жағдай. "Алғы шептегі" ақ халаттылар
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде төтенше жағдай жарияланғалы бері "алдыңғы шепте" 636 медицина маманы аянбай еңбек етуде. Олардың қатарында дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер, санитарлар, техникалық және азық-түлік блоктарының мамандары бар.

Ақ желеңділердің барлығы инфекциялық, карантиндік және провизорлы госпитальдерде жұмыс істеп жатыр. Бүгінде оларға үйлеріне баруға тыйым салынған, сондықтан емдеу мекемесінің ғимаратында тұрады. Мамандарды қолдау мақсатында жалақыларына үстемеақы берілуде.

Қазіргі таңда КОВИД-19 инфекциясын жұқтырды деген күдікпен жеті бала жатыр. Олардың жағдайы тұрақты. Мамандардың жіті бақылауында. Бүгінгі күнге жұмысымыз оңай деп айта алмаймын. Бірақ еңбегіміз төленіп жатыр. Үстемеақы ретінде 400 мың теңге алдық. Алғыс айтамын. Ал өзіміздің жетекшілігіміз тарапынан екі рет сыйақы алдық, - дейді облыстық балалар ауруханасының инфекционист дәрігері Лариса Горбик.

Қазіргі уақытта инфекциялық госпитальде 56 адам жатыр. Балалар да бар.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәліметінше, коронавирустық инфекциясы анықталған науқастарды емдейтін мамандар қауымына 118 миллион теңге көлемінде үстемеақы төленген. Бұл қаражат республикалық бюджеттен бөлінген. Қауіпті жағдайда жұмыс істейтін медицина мамандары 850 мың теңгеге дейін үстемеақы алған.

Дәрігерлердің жұмысы қиын. Ауру жұқтырғандарға бармас бұрын бір реттік киім киеді. Тексерген соң, науқастардың бөлмесін зарарсыздандырады, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Басты мақсатымыз - халқымыздың аман болуы. Мамандарымызға мемлекет тарапынан қолдау бар. Біз әріптес ретінде ақ желеңділердің еңбегін бағалаймыз, құрметпен қараймыз, - дейді облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің инфекциялық стационар бойынша орынбасары Зере Садақова.

Айта кетейік, бұған дейін эпидемиологиялық шараларға атсалысқан 490 маман бір жалақы көлеміндегі үстемеақы алды. Бұл игілікке облыстық бюджеттен 90 миллион теңге бөлінген. 

Өзгелердің жаңалығы