Түрлі мемлекеттік жеңілдікті алу үшін ажырасуға өтініш беретіндер көбейді

5 Тамыз 2019, 13:01
2100
Бөлісу:
Түрлі мемлекеттік жеңілдікті алу үшін ажырасуға өтініш беретіндер көбейді
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Түрлі мемлекеттік жеңілдіктерді алу үшін отбасылар арасында ажырасу жағдайы көбейді. Бұл туралы Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының төрағасы Ербол Тулеев Baq.kz тілшісімен тілдесу кезінде айтты.

«Бізде пилоттық жобалар көп, соның бірі «Отбасылық сот». Бізге ажырасу үшін келген жұбайлардың кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар болса  оларды міндетті түрде психологтарға жібереміз. Сонымен қатар ойлану үшін мерзім береміз, ол алты айға дейін болуы мүмкін. Психолог алынған шара ешқандай нәтиже бермеді деген қорытынды беріп жатса әрине оларды ажыратуға тура келеді. Алайда соңғы кездері түрлі мемлекеттік жеңілдіктерді алу үшін жалған ажырасу көбейіп кетті. Біз оның бәрін қараймыз, шынымен бөлек тұра ма, оның артында не тұр деген мәселенің бәрін тексереміз»,- дейді ол. 

Сонымен қатар, ол қазір түрлі дау-дамай мен келетіндердің ісін бірден сотқа жібермей, медиаторлық әдіспен шешу жағы дамып келе жатқанын айтты.

«Қазір соттарда фронт офис ұйымдастырылып жатыр. Онда медиаторлардың бөлмелері бар. Әуезов ауданының №2 сотында «Отбасылық сот» деген жоба жүргізіліп жатыр. Біз даумен келген бүкіл істерді сотқа дейін татуластыруға тырысамыз. Мәселен, сотымызда 14 судья болса, оның біреуі татуластырушы судья. Ол талап, арыз түскен кезде 5 жұмыс күні ішінде тараптарды бір шақырып, олардың мәселесін татуластыру арқылы шешуге ықпал жасайды. Егер ол оң нәтиже бермесе істі басқа негізден қарайтын судьяға бөледі»,- дейді Ербол Тулеев. 

Оның айтуынша, өткен жылғымен салыстырғанда биыл  медиаторларға жүгінушілер қатары екі есеге өскен.

«2019 жылдың 6 айында жалпы қала бойынша медиация арқылы 1533 іс қаралған. Ал 2018 жылдың осы уақыты аралығында 748 іс қаралған екен. Бұл дегеніңіз қазір істі бірден сотқа апармай, медиаторлар арқылы тиімді шешуге болатынын көрсетеді. Егер медиаторлық орталықтар жақсы жұмыс істейтін болса көптеген іс сол жаққа қарай кетеді. Ол үшін медиаторлар сауатты болу керек, тараптардың мәселесін қанағаттандыратындай, кейін ешқандай сұрақ туындамайтындай етіп шеше білуі қажет. Сол кезде соттардың жұмысы едәуір азаяды», - дейді сот төрағасы.
Өзгелердің жаңалығы