Түркістандық кәсіпкерлер диалог алаңында бас қосты

7 Ақпан 2020, 01:29
1645
Бөлісу:
Түркістандық кәсіпкерлер диалог алаңында бас қосты

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы алғаш рет диалог алаңын құрып, түркістандық жүздеген кәсіпкерлерді жинады. Өңірдің кәсіпкерлер палатасы 2019 жылы 10 миллиард теңге көлемінде кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаған.

Жиында аталған палатаның директоры орынбасары Мади Ибадуллаев былтырғы жылы атқарылған жұмыстар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау, жобаларды сүйемелдеу, өңірде кәсіпкерлікті дамыту бойынша қабылданған шаралар туралы кеңінен баяндап берді.

Баршаңыз білесіздер, оңтүстік өңірінде шағын және орта кәсіпкерлік бұрыннан жақсы дамыған. Сондай-ақ аймақтың тұрғындары өте еңбекқор және істің көзін таба біледі. Қазіргі кезде, Түркістан облысы бойынша шағын және орта бизнес көш бастап тұр әрі олардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда 8,5%-ға артты (141,9 мың субъект), – деп атап өтті ол.
Өткен жылы палатаға 560 өтініш келіп түсіп, оның 418 (75%) кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Келіп түскен шағымдардың көбі жер қатынастарына байланысты болған, яғни 26% құрайды, ал мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері бойынша 25%, несие беру 7,8%, сатып алу 6% және басқалар.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесімен бизнестің 10 проблемалық мәселесі қаралып, нәтижесінде 3 мәселе кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Бизнеске кедергі келтірмек болған 14 лауазымды тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдауда палата қызметінің оң нәтижелері де сөз болды. Айталық, 16 мың кәсіпкерге 20 мыңнан астам сервистік қызмет көрсетілген.

Сонымен қатар "Еңбек" бағдарламасы бойынша 12 579 адам оқудан өткен, 7 933 адам грант иегері атанып, жұмыссыз жүрген азаматтардың 24% жұмыспен қамтылған. Өңірдің тұрмыстық жағдайын жақсартуға осылайша аталған бағдарламаның үлкен септігі тиген. Ал жұмыссыз 5 466 азамат қысқамерзімді оқыту бағыты бойынша үш айлық оқу курсынан өтті. Оның 2 735 жұмыспен қамтылып, 1 477 түлегі 745,8 млн теңгенің грант иегері атанды.

Кәсіп бастаушыларды қолдау мақсатында құрылған "Бастау-Бизнес" және "Жас кәсіпкер" жобалары шеңберінде 7 113 адам оқуды аяқтады. Оның аясында 2,7 млрд теңге сомасына 401 жоба іске асырылып, 3,2 млрд теңге сомасына 6 456 түлекке грант берілді.

Спикер Ибадуллаев "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқтала кетті. Оның айтуынша, бүгінде 61 432,9 млн теңге сомасына 315 жоба бар көрінеді.

Құны 13,8 миллиард теңге құрайтын 74 жоба қаржы институттары мен банктерде қаралуда. Банктер 13 143,7 млн теңге сомасына 25 жобаны қаржыландырды. Аграрлық несие корпорациясы 1 091,7 млн теңге сомасына 49 жобаны қаржыландырды. Ал барлығы 14,2 миллиард теңгеден аса сомаға 74 жоба қаржыландырылды, – деді М.Абдуллаев.
Сондай-ақ елімізде мақта және түйе саласын қолдайтын бірде-бір мемлекеттік бағдарлама жоқ екендігі де баса айтылды. Осы ретте, бағдарлама аясында мақтаны өсіру және мақта талшықтарын қайта өңдеу бойынша жобаларды қажыландыру мүмкіндігі пайда болды. Нәтижесінде, жылдық айналымы 95 млн АҚШ долларын құрайтын мақта саласының мәселесі шешілді.

Сонымен қатар Түркістандағы "Golden Camel" cүт өңдеу зауытын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы Ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, Түйе шаруашылығын дамыту бойынша өңірлік бағдарлама әзірледі. Бұл ретте "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша несие беру тетігі пысықталып, түйе бойынша қаржыландыру жүргізілуде.

Кездесуде сатып алу бөлімінің жұмыс нәтижелері де айтыла кетті. Мәселен, Кәсіпкерлер палатасы бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың операторлары болғаннан бөлек, отандық тауар өндірушілерді қорғау мақсатында мемлекеттік сатып алуды зерделеп мониторинг жүргізеді.

2019 жылға арналған сатып алу жоспары 373 млрд теңгені құрады. Оның ішінде жұмыстар – 245 млрд теңге, тауарлар – 37 млрд теңге, қызметтер – 91 млрд теңге. Бекітілген жоспар бойынша "қарапайым заттар экономикасы" тауарларына келесідей қаржы бөлінді: жиһаз өнеркәсібіне 179 млн теңге, жеңіл өнеркәсіпке 283 млн теңге, құрылыс материалдарына 246 млн теңге, тамақ өнеркәсібіне 1 233 млн теңге бөлінді.

2019 жылы жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі комиссияның 16 отырысы өтті. Кәсіпкерлердің жергілікті қамту үлесінің нысанын міндетті толтыру бойынша шаралар жүзеге асырылып, нәтижесінде "Қарапайым заттар экономикасы" тауарларының барлық төрт бағыты бойынша жергілікті қамту үлесінің оң нәтижелеріне қол жеткізілді: жиһаз өнеркәсібі – 62%, жеңіл өнеркәсіпте – 60%, тамақ өнеркәсібінде – 85%, құрылыс материалдары – 67%.

Жиын барысында бизнес өкілдері облыста жекеменшік балабақшадағы бүлдіршіндерге бөлінетін қаражаттың көтерілмей жатқандығын мәселе етіп алға тартты. Өз кезегінде мәслихат депутаттары бұл сұрақты мәслихат отырысында қарастыратынын айтты. Кездесу соңында аймақта кәсіпкерлікті одан әрі дамытудың осы 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспарын бекітіп, қол қойды.


Өзгелердің жаңалығы