Король ІІ Абдалла бен әл-Хусейн ықыласпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстан мен Иорданияны бұрыннан келе жатқан қарым-қатынас, өзара құрмет, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту ісіндегі ортақ ұстаным байланыстыратынын жеткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Өзіңіз еске салғандай, былтыр бір-біріміздің елімізге жасаған сапарларымыз екіжақты қарым-қатынасты ілгерілетуге ерекше серпін берді. Біз қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі өрбітіп, сауда, инвестиция, туризм, технология және қорғаныс секілді негізгі бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз, – деді Иордания Королі.
Король ІІ Абдалла Ақаба процесі аясындағы кездесулердің жаңа раундын бірлесе ұйымдастырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы ризашылығын білдірді.
Оның айтуынша, бұл екі елдің қауіпсіздік саласындағы өңірлік және жаһандық сын-қатерлерді шешуге бейілдігін көрсетеді.
Осы орайда, Иордания Королі өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ терроризм мен экстремизмге қарсы күрес ісінде Қазақстанмен ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.