Сырдария ауданында 42 пәтерлі тұрғын үй салынуда

10 Қыркүйек 2020, 07:26
1631
Бөлісу:
Сырдария ауданында 42 пәтерлі тұрғын үй салынуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысы әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, соңғы жылдары тек қалада ғана емес, аудандарда жаңа баспанаға қолы жеткен отбасылар көп. Мәселен, Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентіне қарасты О. Мәлібаев мөлтек ауданында 2 бөлмелі және 3 бөлмелі 20 үй бой көтерді.

Мұнан бөлек, Тереңөзек кентіне кіреберісте №3 және №4 көппәтерлі тұрғын үй салынып, кезекте тұрған сырдариялықтар қоныс тойын тойлады.

Ал тамыз айында 42 пәтерлі №1 және №2 тұрғын үйдің алғашқы кірпіші қаланып, бүгінде құрылыс қарқын алған.Тұрғын үйлер жобасына 466 млн 195 мың теңге қаржы бөлінген.

Құрылыс жұмыстары «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілуде. Баспана салу ісіне ауданда 116 адам жұмыспен қамтылып, оның 58-і жұмыспен қамту бөлімі арқылы алынған. Қазірде құрылыс алаңында 27 адам жұмыс істеп, кірпіш қалауға тартылған.

Екі тұрғын үйдің алғашқысының екі қабатын көтеріп, плитасы салынуда. Мұның кірпіш қалау жұмыстарын осы айдың соңына аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар бұл үйдің ішкі сылақ жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал екінші тұрғын үйдің қабырғасын өруді енді бастадық. Екі айдың ішінде тұрғын үйдің екіншісін де бітіретін боламыз. Жалпы, көпқабатты тұрғын үйдерді жылдың соңына тапсыру жоспарланған, – дейді бас мердігер «НұрТалап және К» ЖШС-нің прорабы Артур Қалмұратов.

Айта кетейік, Сырдария ауданында аудан бойынша 516 адам тұрғын үй кезегінде тұр.

Өзгелердің жаңалығы