Сыбайлас жемқорлық – театр сахнасында

1 Наурыз 2020, 10:51
2715
Бөлісу:
Сыбайлас жемқорлық – театр сахнасында
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында "Мәссаған! Сенсация!" трагикомедиясы қойылды. Күлдіре отырып ойландыратын қойылым терең танымға құрылған.

Химия пәнінің мұғалімі пара алғызбайтын дәрі ойлап табады. Әлгі дәрінің бір түйірін ішкен адамға пара ұсынсаңыз болды, оның жүрегі айнып, аза бойы қаза тұрады. Аудандық газет редакторы ол сенсацияны газетіне жазып жібереді. Осы арадан дүрбелең басталады. Алым алғызбайтын дәрі әкім-қараны әбігерге салады. Оқиға көрерменін біресе күлдіріп, біресе ойлантып өрби береді.

Көрерменнің жасы да, үлкені де сахнадаға толғаныс, күйіп-пісу, ширығу-қысқасы қайнаған өмірмен араласып, бірге жүргендей болды. Өйткені, көп оқиға әркімнің күнде көріп, күнде кездесіп жүрген жәйттері. Сол ситуациялардан кейіпкер қалай шығып жатыр, өзі болса қайтер еді? Шынымен алым алмай, пара бермей күн көре алмайтын болғанбыз ба? Жең ұшынан жалғасу, бармақ басты-көз қыстыдан құтыла алмаймыз ба? Әділдік деген қайда қалмақ? Адал адам қалай өмір сүрмек? Туынды осындай тосын сауалды көлденең тартады. Алдымен, трагикомедияның ә дегеннен әлдеқалай әсер етер кәсіби жоғары деңгейі. Ол декорация, режиссер, грим, актерлер шеберлігі - бәрінің қосылып қол жеткізер әсері шығар. Алғаш көрінер аудан әкімінің дегбірінің кетіп, мазасызданған күйі көрермен көңілін бірден жіпсіз байлайды? Не болды екен, енді не болмақ? Осы әсерің күлкілі жәйттермен өріліп, жетелей түседі. Сырт көзге сұлу да сымбатты, аса мәдениетті оқу бөлімінің басшысы айнала бере адамды алалап, алым алып, әлі жеткенге тізесін батырып жіберер пысықайдың бірі. Шынайы, бүтін образ, - дейді жазушы Серік Жетпісқалиев.

Қойылымның аяғына қарай көрермен бас кейіпкердің өз аузынан сол дәрінің бар жоғы белгісіздеу екенін естиді. Бәлкім жоқ та шығар. Бірақ, ол сондай дәрі жасауды енді қолға алмақшы тәрізді. Жымқырып жеп қалғандар сол жел сөздің өзіне айран асыр болып жатқан жоқ па? Кейіпкерлер бүгінгі қоғам дертін түпкілікті түсініп, дүние қоңыз жандарды күлкі ететіндей.

Пара беру, алым алу талай жылдардан бері аяқтан шалып, етектен жабысып, бір қалмай келе жатқан дерт. Қоғам қанша алысса да қалар емес. Демек, бұл қойылымның да ескірмейтін түрі бар. Мұны қарапайым жұрт та, мемлекеттік қызметкерлер, басшы-қосшылар түгел көрсе, шіркін! Қайта-қайта қойлып, ысыла келе бұл жұп-жұмыр, ғұмырлы, тозбайтын, ескірмейтін шедеврге айналатын тәрізді, - дейді әдебиетші-ғалым Дәулет Оспанов.
Өзгелердің жаңалығы