Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып, бүгінде ет бағытындағы сиыр өсіріп отырған шаруа қожалықтарына арнайы пресс-тур ұйымдастырды.
Журналистер қауымын әуелі Қарағанды облысының ауылшаруашылық басқармасы» ММ басқарма басшысының өндіріс бойынша орынбасары Сырым Бошпанов облыстағы несиелендіру, ауыл шаруашылығы, егін жинау мен мал бордақылау мәселелерімен қысқаша таныстырды.
«Қарағанды облысы бойынша ауылшаруашылығы 168 млрд теңгенің өнімін өндіріп отыр. Мұндағы нақты көлем индексі 103,2%. Ал егін жинау науқаны бойынша 845 мың гектар алқаптың 76%-ын жинап болдық. Егін өнімділігі де жаман емес, қазіргі жағдайда 9,6%-ды құрап отыр. Мұндай жетістіктерге жетуге мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмектің де ықпалы басым екенін айта кеткен жөн. Мысалы, биыл мемлекет тарапынан субсидия ретінде 14,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 14 млрд болған еді», - дейді Сырым Бошпанов.
Республикадағы малға жайлы, жайылымдық жері мол Қарағанды облысында «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алып, асыл тұқымды ірі қараның санын арттырып отырған шаруашылықтар көп. Солардың бірі Абай ауданына қарасты Дубовский ауылдық округінің Алабас қыстағындағы «Ержанова К.Р.» шаруа қожалығының басшысы Алтай Әбішев. Ол 2018 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алып, оған асыл тұқымды сиыр мен мал азығын сатып алған.
Біз барған кезде шаруа қожалығының басшысы күзгі шөп жинау науқанының соңғы сәттерін өткеріп, шаппа алаңының басында жүр екен.
«Былтыр Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қарағандыдағы филиалынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 70 млн теңге несие алдым. Бұл қаржыға Ресейден «Ангус» тұқымды 104 сиыр сатып алғанмын. Оның сыртында қаржымыз мал азығына да жетті. Біздің арқаның климатына аса бейімдеудің қажеті жоқ. Суыққа төзімді, тез салмақ жинайды. Ең бастысы уақытында ветеринарлық іс-шараларын жүргізіп, бақылап отырса болғаны. Қазіргі уақытта 15 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы уақытта асыл тұқымды мал санын көбейтіп, шаруашылығымызды кеңейте түсуді жоспарлап отырмыз. Еліміздің ет экспортына үлес қоссақ дейміз. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры әсіресе сапалы мал басын арттыруға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Асыл тұқымды мал санын көбейту арқылы сапалы ет өндіруге жол ашылады. Біздің де ұстанымымыз осы», - дейді шаруашылық басшысы.
Бұдан бөлек, шаруашылықтың өзінің 122 сиыры мен 239 жылқысы бар. Қолдағы малының сапасы мен санын арттыру үшін сырттан асыл тұқымды сиыр әкелген шаруа елдегі ет экспортының әлеуетіне үлес қоспақ.
Шабындықтан қайтқан жолда өрісте жүрген сиырларды да көріп қайтудың мүмкіндігі туды. Өткен жылы ғана әкелінген ангустар Арқа даласына бейімделіп қалыпты. Тіпті, биылғы жылы алғашқы төлін беріп үлгергендері де бар екен.
«Бұл жануарлар қызық, кез келген уақытта бұзаулай береді. Тез ет алып, салмақ жинайды екен. Мына тұрғандар сол Ресейден әкелінген ангустар. Ал мал бордақылау орнында қазақы ақбас сиырларым да бар», - дейді Алтай Әбішев.
Айтса айтқанындай, мал бордақылау орнында қазақтың ақбас сиырлары тұр екен. Көбі бұқа.
Алтай мен Айсұлудың сиырдан бөлек тағы бір кәсібі жылқы бағу. Отбасылық бизнесті дамытып, мал басын көбейтуді де ұсынған Айсұлу Жүкенова екен.
«Бірнеше жыл сиыр сауып, сүт өткізгенбіз. Шаруасы көптеу, мардымы аз жұмыс екен. Қазір тек ет бағытына ғана бет бұрдық. Жылда қымыз ұстайтынбыз. Биыл қора-қопсыны кеңейтіп, сиыр санын көбейткендіктен, оны да қойдық», - дейді ерлі-зайыпты шаруалар.
Бордақыда тұрған жылқылар күндіз-түні бағымда. Қолдан шығармай, жем-шөбін уақытымен беріп, астын тазалап, тұрақты айналысады. 500-ге жуық сиыр, 1200-ден астам жылқысы бар қожалықтың жұмысы да аз емес.
«Биыл шаруашылық құрылысын кеңейтіп, жаңадан қора салып жатырмыз. Алдағы уақытта мал басын көбейту жоспарда бар», - дейді Алтай Әбішев.
Біз мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ел игілігі үшін қызмет етіп жатқан ерлі-зайыпты кәсіпкердің шаңырағынан шығып, Шет ауданына қарасты Дария ауылында орналасқан «Салауат» шаруа қожалығына бет алдық.