Ұлыбританияда тұратын отандастардың қатысуымен бизнес-форум өтті

26 Қыркүйек 2019, 15:33
2674
Бөлісу:
Ұлыбританияда тұратын отандастардың қатысуымен бизнес-форум өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Отандастар қоры» КЕАҚ пен «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ және ҚР Ұлыбританиядағы елшілігі Лондонда Ұлыбританияда тұратын отандастардың қатысуымен бизнес-форум ұйымдастырды.

Бұл шетелде тұратын отандастармен байланыс орнату және нығайту бойынша қор бағдарламасы сериясындағы төртінші бизнес-форум. Іс-шараның негізгі мақсаты Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасы өкілдерімен іскерлік қарым-қатынас орнату.

Форумға Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов, «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасының орынбасары Жәнібек Лесбеков, бизнес және жобаларды акселерациялау департаментінің бас менеджері Анас Баққожаев, «Crimson Field» ЖШС директоры Талғат Ахметжанов, «Kazakhstan Phd Association» президенті Алия Сембаева және қазақ диаспора өкілдері мен Ұлыбританияда оқып жүрген қазақстандық студенттер қатысты.

Қордың вице-президенті Мағауия Сарбасов жиынға қатысушыларды Қор және Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының қызметімен, шетелдегі диаспорамен жұмыс істеу жөніндегі қордың негізгі жобаларының бірі – әлем бойынша қазақ мәдени - іскерлік үйі желісін құру жөніндегі жоспарымен таныстырды.

Орталық кеңсесі Қазақстан астанасында орналасқан Қазақ мәдени-іскерлік үйі ресми өкілі ретінде шет елдерде тұратын этникалық қазақтар тартылатын іскерлік үйлері мен мәдени орталықтар желісін құрады. Олар қазақ мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық брендтерін дәріптейді және тілді сақтайды. Сондай-ақ қазақстандық экспортты, өнімдерді тартуға атсалысады. Бизнес-келісімшарттар жасауға қатысады, серіктестерді, тың бизнес идеялар мен инновациялық стартаптарды іздейді. Израиль, Армения тәрізді елдерде мәдениетті ілгерілету мен бизнесті дамытуда кеңінен қолданылған бұл ұстаным –диаспора өкілінің білім-білігі мен тұратын елінің тұтыныс қажеттілігі жайлы түсінігін дұрыс бағытта пайдалану нақты жемісін берген.

Бизнес-форум барысында қатысушылар өзара іс-қимыл, бизнес-бастамаларды ынталандыру және стартаптарды қолдау тетіктерін егжей-тегжейлі талқылады.

Осы жағдайды пайдалана отырып, Қор өкілдері қазақ диаспорасымен Ұлыбритания нарығында қазақстандық өнімдерді, атап айтқанда айран, шұбат, қымыс сияқты сүт өнімдерін және Еуропада жақсы көретін басқа да өнімдерді жылжыту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, Лондонда Астана Опера, Астана Балет, Құрманғазы оркестрі сияқты мәдени және ұлттық брендтерді ілгерілету, диаспора арасында тілді сақтау, сондай-ақ «Абай» мәдени орталығын құру мәселелері қозғалды.

Форумға 40-тан астам адам қатысты, олардың ішінде Ұлыбританияның алдыңғы қатарлы университеттерінде оқитын студенттер де болды. Қатысушыларға өздерін қызықтыратын стартаптар, бизнес-бастамалар, қолда бар жобалар туралы айтып, спикерлерге сұрақтар қойып, бизнес жоспарлар мен бастамаларды Қазақстанда да, халықаралық нарықта да ілгерілету мүмкіндіктерін талқылауға мүмкіндік берілді.

Соңында Қор өкілдері Ұлыбританияда тұратын отандастарды Қордың іскерлік үйі мен қазақ үйінің мәдени орталығы өкілдерін анықтауына шақырды, сондай-ақ кездесуге қатысушылардың барлығын ағымдағы жылдың қараша айында Түркістан қаласында өтетін отандастардың бірінші форумына шақырды. Бұдан басқа, құрылған Қор - барлық өзекті мәселелер бойынша кеңес беретін және ақпараттық қолдау көрсететін отандастар мәселелері жөніндегі Бірыңғай байланыс орталығы туралы айтылды.

Лондондағы Бизнес-форум Мюнхен, Сан-Франциско, Стамбул және Ташкент қалаларындағы кездесулерден кейін бесінші болды. Түрлі елдерде тұратын отандастармен барлық осындай кездесулер 8 (ГФР, АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан, Түркия және Ресей) жоспарланған, келесі Бизнес-форум 2019 жылдың қазан айында Стокгольм қаласында (Швеция) өтеді.

Өзгелердің жаңалығы