Суицидтің алдын алуға бола ма? Мамандар пікірі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Суицид қоғамда кеңінен етек жайған дерттің біріне айналды. Қазақстан - өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіштері бойынша көш бастап тұрған елдердің бірі. Мысалы, 2015-2021 жылдар аралығында халық арасында суицид саны мен оны жасауға ұмтылу әрекеттері артқан. Суицид жасау 27,6 пайызға, оны жасауға  әрекет ету 10,1 пайызға көбейген. Мамандар суицидтің алдын алу боынша өз пікірлерін айтты. 

Суицид тақырыбын БАҚ-қа дұрыс жариялау

Өз-өзіне қол жұмсаған азаматтар туралы БАҚ беттерінде жарияланған жаңалықтардың дұрыс берілуі аса маңызды. Оларды суицидке бейім адамдар оны оқыған жағдайда, тізбелік әрекетті тудырмауы керек.

Қазақстандық медиа альянсы Нұр-Сұлтандағы өкілдігінің директоры Қанат Сахарияның пікірінше, бұл мәселеге қатысты ақпараттың дұрыс таратылуы және халық арасында ақпараттандыру деңгейін арттыру суицидтің алдын алу бағдарламаларының табысты болуы үшін қажетті элементтер.

Қазіргі қоғамда БАҚ суицидтің алдын алуда маңызды рөл атқара алады. Өзіне өзі қол жұмсау туралы ойлайтын адамдардың көпшілігі бұл әрекетке екіұшты көзқарас танытады. Олар шынымен өлгісі келетініне күмәнмен қарайды. Әлсіз адамды өз-өзіне қол салуға итермелейтін факторлардың бірі БАҚ-та суицид туралы жиі жариялануы болып табылады. Яғни, суицид оқиғаларын кеңінен тарату суицидке бейім адамдарға кері әсер етуі мүмкін, - деп атап өтті Қанат Сахария. 

Ол материалда өзіне-өзі қол жұмсаудың орны, әдісі, себептері сияқты мәліметтерді ашпау керектігін айтты. 

Себебі мұндайда суицидке бейім адамдар сипатталған істі әрекетке нұсқау ретінде қабылдай алады. Ол «Вертер эффектісі» деп аталады. 

Психикалық денсаулықтың айырмашылығы

ДДСҰ-ның Қазақстандағы елдігінің басшысы, доктор Кэролайн Кларинвал 2008 жылы ДДСҰ елдерде психикалық, неврологиялық ауруларға қызмет пен көмек көрсетуді кеңейту үшін дәлелді техникалық басшылықты қамтамасыз ететін «Психикалық денсаулық бойынша айырмашылық» бағдарламасын іске қосқанын еске салды. 

ДДСҰ  Қазақстанда бұл бағдарламаны жүзеге асыруға қолдау көрсетіп жатыр.

2013-2030 жылдарға арналған ДДСҰ-ның психикалық денсаулық іс-қимыл жоспары аясында ДДСҰ мүше мемлекеттер 2030 жылға қарай елдердегі суицид деңгейін үштен бірге азайту үшін жаһандық жұмысты мойындарына алды,- деді Кларинваль.

Оның айтуынша суицидке әртүрлі факторлар әсер етуі мүмкін.

Ол психологиялық, әлеуметтік және тағы басқа фактор болуы мүмкін. Оған зорлық-замбылық, даулар мен оқшаулану, жабырқау, күйзеліс те суицидке алып келуі мүмкін. Сондықтан біз көмекке зәру адамдарға қол созуымыз керек.  Сол арқылы біз қайғылы жағдайдың алдын аламыз,– деді ол.

Оның айтуынша, ДДСҰ суицид туралы есебі мүше елдер үшін маңызды

Бұл есептерді Үкіметтер басты назарға алу керек. Стратегиялық жоспарлауды да сол есептер аясында әзірлей алады, – деді ол.

Еуропалық одақ тәжірибесі

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісінің орынбасары Мачей Адам Мадалински Еуропалық Одақтың суицидтің алдын алудағы озық тәжірибесі туралы айтты. 

Оның айтуынша, ЕО бұл проблеманы Қазақстан мен Орталық Азияда байқап отыр.

Менің ойымша, Орталық Азия мен Қазақстанда бағдарламаны жүзеге асырып жатқан және ковидтен кейінгі көмекке баса назар аударатын ДДСҰ-ның жаһандық саясаты тұрғысынан осы проблеманы қарастыруға жақсы мүмкіндік береді. Біз бұл бағдарламаның Қазақстанда және Орталық Азияның басқа елдерінде жаңа кезеңін асыға күтеміз, - деп бөлісті Мадалински.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрайымының міндетін атқарушы Жанар Қалмақова өз сөзінде ақпарат жариялауда не нәрсеге назар аудару керектігіне тоқталды. 

Оның пікірінше, суицид статистикасын аса сақтықпен пайдалану керек. 

Яғни, сенімді және шынайы ақпарат көздерін қолдану шарт, экспромттық комментарийлерге сақтықпен қарау керек. Сондай-ақ шағын сандарға негізделген жалпылаулар ерекше назар аударуды қажет етеді және «суицидтік эпидемия» немесе «әлемде суицид деңгейі ең жоғары орын» сияқты тіркестерді қолданудан аулақ болу керек, суицидтік мінез-құлықты әлеуметтік және мәдени өзгерістерге немесе қоғамдағы жағдайдың нашарлауына табиғи реакция ретінде қабылдауға болмайды, - деді ол.

Әлемде күніне 2200 адам суицид жасайды

Елордалық психикалық денсаулық орталығының психотерапевті, суицидологы Екатерина Миронова қайғылы статистиканы келтірді. 

Анықталғандай, әлемде өзіне өзі қол салатындардың күнделікті саны шамамен 2200 адамға барады, бұл күніне 15 ұшақ апатына тең. 

Мен жақын маңдағылардың жанашырлығына және диалогтың мүмкіндігіне назар аударар едім. Адамға қандай да бір, тіпті бөтен біреуден  «дұрыс» сөз тіркесі қажет деген елес. Оған сөз тіркесі емес, көзқарас керек. Бұл сенімде, көзқараста көрінуі мүмкін. Мұндай жағдайда сенім сөздері жеткіліксіз болуы ықтимал. Бұл психикалық процесс емес, ол үшін рухани байланыс, эмоционалды қолдау қажет, сонда адам біреуге керек екенін сезінеді, біреу оның тірі қалғанын қалайды. Ереже бойынша емес, шарт бойынша емес, жай адамгершілік негізінде. Өлімге дайын адам мұндай жанды кездестірсе райынан қайтады. Яғни, дұрыс сөздер немесе әрекеттер емес. Сіз жанашыр адам болуыңыз керек - бұл ең бастысы, - деп атап өтті суицидолог.

Оның ойынша, адамды кінәлауға, моральдық айыптауға болмайды, ісін ұятқа салып, қорқытуға болмайды. Мұның бәрі байланысты үзеді. Оның сезімін жоққа шығарып, ол түскен жағдайды сынауға болмайды.

«Бәрі өтеді», «бәрі жақсы болады» деген классикалық фразалар жұмыс істемейді. «Басқалардың жағдайы сенен де жаман», «Осыдан кейін тозақта күйесің», «Оны істегісі келетіндер бұл туралы айтпайды», «Сен жай ғана әлсізсің» деген сөз тіркестерінің мысалдары. Өзіне өзі қол жұмсау ниеті туралы сұрақтар қою маңызды және қорқыныш расталса, кәсіби көмекке жүгіну керек, - деп ескертті маман. 

Психикалық денсаулыққа не әсер етеді?

ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің ұлттық психикалық денсаулық жөніндегі кеңесшісі Николай Негай психикалық денсаулыққа не әсер ететіні туралы айтты. 

Бұл биологиялық компоненттер: генетикалық және биологиялық сипаттамалар, тұлғалық сипаттамалар, физикалық аурулардың болуы немесе даму ерекшеліктері. Психологиялық компоненттер: күйзеліс және дистресс, психологиялық тұрақтылық. Әлеуметтік компоненттер: адамның қоғаммен байланысы және қоғамның оған байланысы. Осы үш құрамдас бөліктің барлығы сәйкес келген кезде ғана суицид орын алады. Яғни, өзіне өзі қол жұмсау әрбір адам үшін өте ұзақ процесс екенін түсіну керек - бұл бірнеше айдан бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін. Ең бастысы, әр кезеңде біз мұның алдын алуымызға болады», - деп атап өтті спикер.

«Келешек» психологиялық орталығының және «Замандас 21» қоғамдық қорының психологы Варвара Полякова «Замандас» қорының 10 жылдан бері балалар мен жасөспірімдердің эмоционалдық әл-ауқатын қалыптастыру бағытында жұмыс істеп жатқанын айтып берді. 

Ол сонымен қатар жасөспірімдерде пайда болатын суицидтік мінез-құлқының себептерін келтірді. 

Олардың ішінде өлім туралы қалыптаспаған түсінік; қоғамда идеологияның болмауы; ерте өкініштерге әкелетін ерте жыныстық өмір; отбасындағы келіспеушілік; аутодеструктивті мінез-құлық; отбасы ішілік, мектепішілік немесе топ ішілік қарым-қатынасқа наразылық реакциясы; депрессия.

Білім жүйесінің әсері

Балалар омбудсмені Аружан Саин суицидке білім жүйесінің әсері ықтималдығын айтты. 

Суицид мәселесін алдын алуға келгенде балаларды жиі айтамын. Себебі тұлғаның қалыптасуы сол кезде басталады. Білім саласындағы өзгерістер мен реформалар білім сапасының артуына ықпал етеді деп үміттенеміз. Себебі білім беру деңгейі айтарлықтай төмендеді. Бұл балалардың оқуды тәмамдағаннан кейін қандай жетістікке жетуімен тікелей байланысты. Мысалы, мамандық таңдап, білімін жетілдіру осыған байланысты болады,-деді ол.

Саин атап өткендей, адам өмір бойы айналысатын қызметін дұрыс таңдауы аса маңызды.

Сондықтан әркім өзінің сүйікті ісімен айналысуы керек. Өз мамандығы арқылы қаржылық тұрақтылыққа жету де аса маңызды. Себебі ол да күйзелістің, жабырқаудың себебі болуы мүмкін. Білім саласындағы жалақыны арттыру реформасы да нәтиже береді деген үміттемін,-деді ол.

 


Фото: дереккөз
Загрузка...