Суға кеткен тұрғын үйлерге қатысты 3 жедел топ құрылды

15 Сәуір 2024, 12:34
318
Бөлісу:
Суға кеткен тұрғын үйлерге қатысты 3 жедел топ құрылды
Фото: ТЖМ

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі су апатынан зардап шеккен тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылымдарды қалпына келтіру бойынша 3 жедел топ құрды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраева мәлімдеді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастаған бірінші жедел топ кеше Ақтөбе облысына барды. Енді Ақмола және Қостанай облыстарына барады. Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жүнісбеков бастаған 2-жедел топ кеше Павлодар облысында болды, бүгін Абай облысында, одан әрі Шығыс Қазақстан облысына барады. «Мемсараптама» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директоры Қуандық Қажкенов бастаған 3-ші жедел топ кеше Батыс Қазақстан облысына барды, одан әрі Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарына барады, - деді Меруерт Ибраева.

Жедел топтың құрамында Ауыл шаруашылығы, көлік, денсаулық сақтау, су ресурстары, Төтенше жағдайлар, экология, Ғылым және жоғары білім вице-министрлері, сондай-ақ Үкімет Аппаратының аймақтық инспекторлары бар.

Ақтөбе облысына сапары барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа тұрғын үй салу үшін әкімдік бөлген жер учаскелерінің жай-күйін тексерді. Әкімдіктің ақпараты бойынша өңірде 436 дайын жер учаскесі бар, оның ішінде Ойыл ауданында - 321, Қобда ауданында - 77, Әйтеке би ауданында - 22, Темір ауданында 10 және Ақтөбе қаласында 6 жер учаскесі бар, - деді ресми өкіл.

Өзгелердің жаңалығы