Суару жүйесіне жеткілікті ақша бөлінбейді - депутат

20 Сәуір 2023, 12:07
602
Бөлісу:
Суару жүйесіне жеткілікті ақша бөлінбейді - депутат
Фото: atameken.kz

Елдегі суару жүйесіне уақытылы жөндеу жүргізуге қаржыландырудың жеткіліксіздігі кедергі келтіруі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы сенатор Сәкен Арубаев Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді.

Ақшаның уақтылы бөлінбеуі, жобаларды тапсыру мерзімдерінің әлденеше рет өзгеруі және мердігерлердің жауапсыздығы – осының бәрі еліміздің өңірлеріндегі су объектілерін қалпына келтіру жұмыстарының уақытылы іске асуына күмән туғызады деп отыр.

Сондай-ақ Үкімет 2014 жылы Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында ирригациялық және дренаж жүйелерін жаңғырту мен дамыту үшін Халықаралық қайта құру және даму банкімен келісім жасасқанын еске салды.

Келісімге сәйкес жоба 2021 жылы аяқталуы керек болатын. Бірaқ қaржының республикaлық бюджеттен жүйелі түрде толық бөлінбеуінен, жобaның aяқтaлу мерзімі 2024 жылдың соңына дейін ұзaртуға әкеп соқты. Нәтижесінде 4 облыс бойынша аяқталуға тиісті 11 жобаның 2 жобасы ғана аяқталған. Қалған 9 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары әлі аяқталмады. Соның салдарынан жоспардағы 105 мың га жердің 10 мың гектары ғана ағын сумен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік алды. Биыл осы жұмыстарды аяқтауға сұралған 20,3 млрд теңге қаржының тек 7,2 млрд теңгесі қолдау тапқан. Бұл жобаның толық іске асуы тағы да 2-3 жылға созылады деген сөз, - деп атап өтті сенатор депутаттық сауалында.

Айтуынша, Жамбыл облысында суару каналдарын жаңғырту жұмысында күрделі жағдай қалыптасып отыр. Өңірдегі суармалы жерлердің ауданы 181,8 мың гектарға тең. Оның 89,1 мың гектары ғана нормативке сәйкес сумен қамтамасыз етілген.

Жол картасына сәйкес, 2023-2025 жылдары 257 су нысанына жөндеу арқылы 55 мың гектар суармалы алқапты айналымға қосу жоспарланған. Бүгінгі күнге 43-не жобалық-сметалық құжаттамасы сараптаманың қорытындысымен әзірленді. 206 су нысанына жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Алайда, қаржы тапшылығы аталған жол картасын іске асыруға мүмкіндік бермей отыр. Ауыл халқының басым көпшілігі орналасқан оңтүстік өңірлерде тұрғындардың негізгі табысы суармалы жерлерді игерумен тығыз байланысты екені белгілі. Сондықтан да, жоғарыда аталған жобалардың іске асуы тек экономикалық тұрғыда емес, әлеуметтік тұрғыда да маңызды, - деді депутат Арубаев.

Осыған байланысты қазірдің өзінде жүзеге асып жатқан жобаларды аяқтау үшін, сондай-ақ Жамбыл облысының суармалы жерлерін қалпына келтірудің жол картасына сәйкес су объектілерінің құрылысын республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін қаражат көзін іздестіру қажет.

Өзгелердің жаңалығы