Су тасқынынан қырылған малға өтемақы қалай төленеді

16 Сәуір 2024, 17:23
331
Бөлісу:
Су тасқынынан қырылған малға өтемақы қалай төленеді

Республикалық ақпараттық штабта АШМ ресми өкілі Олжас Тлебалдин су тасқынынан қырылған мал шығыны қалай өтелетінін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штабтың хаттамасымен өлген ауыл шаруашылығы жануарларының құнын өтеу алгоритмі бекітілді. Аталған алгоритмге сәйкес су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларының барлық иесі өтемақы алуға құқылы, - деді ол.

Меншік иесі қалай анықталады:

- жануардың бірдейлендіру номерін (бирка, таңба және т.б.) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорымен салыстыру жолымен;

- тіркелмеген жағдайда куәгерлерді тарта отырып, залалды өтеу жөніндегі комиссияның актісімен.

АШМ-нің мәліметінше, ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне өтемақы төлеу бюджет қаражатынан да, бюджеттен тыс көздерден де жүргізіледі.

Иелерi жергiлiктi жерлердегi залалды өтеу жөнiндегi комиссияға өтiнiш жасауы тиiс. Комиссия мүшелеріне өтемақы төлеу үшін қажетті құжаттар туралы нұсқау берілді.

Барлық өтінімді жергілікті әкімдіктер құрған ресми Комиссияларға ғана беру қажеттігіне назар аударғым келеді. Тек осы жағдайда ғана өтемақы төленеді. Деректер жинаумен айналысатын әртүрлі штабтарға ұсынылған ақпарат төлемдер үшін негіз болмайды, - деп айтты АШМ ресми өкілі Олжас Тлебалдин.

Өзгелердің жаңалығы