Су тасқынынан кейінгі Жалаулы. Жаңа үйлер қалай бой көтеруде

20 Мамыр 2024, 18:44
694
Бөлісу:
Су тасқынынан кейінгі Жалаулы. Жаңа үйлер қалай бой көтеруде
PHOTO
Фото: автордан

Ертіс өңірінде қарғын судан зардап шеккен тұрғындарға арналған жаңа үйлердің құрылысы кестеден 20 күнге ерте салынып жатыр. BAQ.KZ агенттігінің тілшісі су басқан ауылға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын көріп қайтты.

 

Еске сала кетсек, көктемгі су тасқыны кезінде облыс бойынша 38 баспана бүлінді. Зардап шеккен 120 отбасы өтемақыларын толықтай алды. Олардың шығындары 48 млн теңге көлемінде бағаланды.

Су тасқынынан кейінгі Жалаулы. Жаңа үйлер қалай бой көтеруде

Ал Ақтоғай ауданына қарасты Жалаулы ауылында төтенше жағдай жарияланды. Бес отбасының баспанасы апатты деп танылып, оларға арналған жаңа үйлер салу туралы шешім қабылданды.

Сәуір айында қар суынан қирап қалған үй иелерінің қатарында Мархабат Сматаев бар. 56 жастағы азамат 120 шаршы метрлік үйі апатты деп танылды.

Болашақ баспаналарымыз көз алдымызда салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары көңілімізден шығады. Күнде келіп көре аламыз. Ризамыз. Қазір жанұяммен жолдасымның екі бөлмелі пәтерін уақытша паналап жатқан жайымыз бар. Екі балам және жолдасыммен бірге. Су астында қалған үйімнің негізі 1973 жылы қаланған. Сол баспанада 30 жылдай тұрдық. Жаңа үйімізге кіріп, қоныстойын тойлайтын күнді тағатсыздана күтіп жүрміз. Қиын жағдайда далада қалған жоқпыз. Қолдау шаралары дер кезінде қолға алынды, - дейді Мархабат Сматаев.

Су тасқынынан кейінгі Жалаулы. Жаңа үйлер қалай бой көтеруде

Зардап шеккен бас отбасының үйі қар суы жиналатын ойпатты жерде емес, ауылдың жоғары жағындағы Абай көшесінің бойында орналасқан. Нысандарды салу барысында қолданылатын құрылыс материалдарының барлығы дерлік - отандық өнім.

Мердігер ұйым басшысы әрі Ақтоғай ауданы атынан облыстық мәслихат депутаты Александр Терентьевтің айтуынша, бірінші кезекте қолданылып жатқан материалдардың сапасына баса мән берілді.

Жұмысшылар 12 сағаттық жұмыс кестесі бойынша еңбек етуде. Бір ауысымда 60-қа жуық адам жұмылдырылған. Бұл үйлердің сапасы қаладағы баспаналардан асып түспесе, кем емес. Ауыл азаматтары үшін бар жағдай жасалады. Тұрғын үйдің ауданы 80 шаршы метрді құрайды, ал баспана тұрғын жалпы аумақ 102 шаршы метр. Баспананың ішінде санитарлық торап, оны жылытуға арналған ұзақ уақыт жанатын қазандық та болады, - дейді Александр Терентьев.

Баспаналар маусым айының соңында немесе шілде айының басында қолданысқа беріледі деп күтілуде. Жұмыстардың барлығы құрылыс нормалары мен ережелеріне сай келеді. Талаптарға сәйкестігін қадағалау үшін «Халықтық бақылау» жұмысы ұйымдастырылған. Болашақ баспана иелері кез келген уақытат келіп, жұмыс барысын көре алады.

Нысанның сапасы құрылыс материалдарына тікелей байланысты. Материалдардың басым бөлігі өзіміздің облыста өндірілген. Газблок пен силикат кірпішін Семей қаласынан әкелдік. Отандық өнімнің қамтылу көрсеткіші 85%-дан асады. Жұмыс күші де өзіміздікі. Құрылыс жұмыстарына павлодарлық мамандар жұмылдырылған. Олар алаңсыз жұмыс істеу үшін бар жағдай жасалған. Құрылыс алаңында ыстық тамақтандыру ұйымдастырылып, өзге де тұрмыстық жағдайлар қарасытырылған. Жобалау жұмыстарымен облыстық құрылыс басқармасының қызметкерлері айналысты. Жұмыс сапасы біздің жауапкершлігімізде, - дейді Александр Терентьев.

Су тасқынынан кейінгі Жалаулы. Жаңа үйлер қалай бой көтеруде

Аймақ басшысы Асайын Байхановтың айтуынша, облыста су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға өтемақы дер кезінде берілді.

Павлодар облысы республикада тұрғындардың шығындарын бірінші болып өтеген өңірлердің қатарында. Сәуір айында қарғын судан шығынға батқан азаматтар тарапынан 124 өтініш түсті. Деңгейлері, әрине, әт түрлі. Бір азаматтың жертөлесі су астында қалса, тағы бір тұрғын қысқа деп сақтап қойған көкөністерінен айырылды. Кейбіреулерінің үйлері апатты деп танылды. Өңірде қар суы салдарынан алты үй тұруға жарамсыз болып қалды. Шарбақты ауданында бір үй қирап, оның орнына демеушілердің қолдауымен басқа баспана сатып алынды. Ал Ақтоғай ауданындағы Жалаулы ауылында төтенше жағдай жариялап, бес үйді салу туралы шешім қабылдадық. Жалпы, запдап шеккендерге Бозшакөл кен байыту комбинаты 48 млн теңге көлемінде бір реттік өтемақы бөлді. Оқыс жағдай кезінде тұрғындарға көмек қолын созуда кәсіпкерлер қауымы белсенділік танытты. Бұны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деп түсінеміз, - дейді Асайын Байханов.

Айта кетейік, қабырғасы шытынап, іргетасы сөгілген кеткен тұрғын үй иелері нысанды құрылыс материалдарына бұза алады. Ал жекеменшік үйлердің жер аумағы мемлекет меншігіне қайтарылады. Сонымен қатар, бұл аумақ қаладағы уақытта тұрғын үй салуға тыйым салынады. Себебі, қар суы ағатын орынға жақын орналасқан.

Су тасқынынан кейінгі Жалаулы. Жаңа үйлер қалай бой көтеруде

Жергілікті билік көктемгі су тасқындағы жағдайдың қайталанбауы үшін тиісті шараларды қолға алды. Қазіргі уақытта Жалаулы ауылының маңында қарғын судың ағып кетуі үшін тереңдігі үш метр болатын үш қазаншұңқырдың құрылысы қызу. Қазаншұңқырлар 60 мың текше метрді жинауға қауқарлы. Жасанды су айдынының аумағына қоршаулар орнатылады. Мақсат – ауыл халқы мен төрт түліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Өзгелердің жаңалығы