Торайғыров университетінің ғалымдары ел өңірлеріндегі су тасқыныны салдарын жоюға атқарушы билік қана емес, ғалымдар қауымы да атсалысу керек деген пікірде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
PHD докторы, суды пайдалану және қоршаған ортаның химиялық нысандары саласындағы сарапшы Иван Раделюктің айтуынша, су тасқынына қатысты жағдайдың салдарымен күресуде зерттеуге мән беру керек. Зардап шеккендерге көмек көрсету, бүлінген мүлікті қалыпқа келтіруден бөлек қарғын судан келуі мүмкін экологиялық жағдай тағы бар.
Су тасқыны экологиялық жүйеге әсер еткенін, болған жағдай климаттық өзгерістердің салдары екенін түсінген жөн. Қарғын су салдарынан мыңдаған мал қырылды. Қорымдар бұзылып, жер астындағы төрт түлік қалдықтары сыртқа шығып, адам жүретін жерлерге тарап кетті. Өлекселерді дер кезінде жинау қажет. Сәйкесінше топырақтың бактериялық немесе биологиялық ластануының алдын алу керек. Ғылымда «Бір денсаулық» деген ұғым бар. Бұл концепция бойынша адам болсын, жануар болсын баршамызың денсаулығымыз бір. Қоршаған ортаға зиянды заттар тараса, баршамыз зардап шегеміз. Барлығымыз бір бірімізге тәуелдіміз. Сондықтан ластану көздерінің пайда болуын көріп, жан-жаққа тараған судың құрамын бақылап тұру керек. Сайып келгенде, климаттық жағдайлар кезінде іргелі зерттеуге мән берген жөн, - дейді доктор.
Ғалымның айтуынша, бүгінде су тасқыны көптеген ел үшін тосын жаңалық емес. Сондықтан өзге елдерде климаттық өзгерістердің салдарын зерттеумен үлкен ғылыми топтар айналысады. Мамандар мәліметтерді жинап, болжам жасайды. Бұл тәжірибе отандық ғылымда кеңінен пайдаланған жөн. Ол үшін алдыңғы қатарлы елдермен ақпараттық байланыс орнатқан абзал.