Су тасқыны. Жағдай бақылауда - Ақтөбе әкімі

13 Наурыз 2023, 17:32
1376
Бөлісу:
Су тасқыны. Жағдай бақылауда - Ақтөбе әкімі
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбе облысында су тасқынының алдын алуға бағытталған шаралар күшейтілді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен брифингте айтылды. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, биыл облыста ауа температурасының көтерілуіне байланысты қар тез еріп бастаған. Соның салдарынан бірқатар ауыл-аймақтарға қар суы жайылған.

Биыл 6 наурыздан бастап облысымызда ауа температурасы +7 градусқа дейін көтерілді. Осыған орай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің облыстағы барлық бөлімшелері күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Міне, бір аптадан бері өңірімізде су тасқынының алдын алуға байланысты жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін облыста  еріген қар суын соруға 150-ден астам техника мен 500-ден астам адам жұмылдырылды. Жалпы облыс тұрғындарынан 200-ден астам хабарлама келіп түссе, соның салдарынан техникалар 52,2 мың текше метр су сорды, — дейді департамент басшысы.

Су тасқыны. Жағдай бақылауда - Ақтөбе әкімі

Оның айтуынша, қазір алдын алу шаралары облыс бойынша Ақтөбе қаласы және Темір, Ойыл, Алға, Мәртөк, Шалқар, Ырғыз, Мұғалжар, Қобда аудандарында жүргізіліп жатыр. Осыған дейін департамент мамандарының көмегімен бірқатар аудандарда ауыл тұрғындарының малы құтқарылса, бірнеше күннен бері жол қатынасынсыз қалған Қобда ауданына қарасты Сарбұлақ ауылының халқына құтқару қызметінің өкілдері азық-түлік жеткізуде.

Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребековтің айтуынша, қазір қала аумағына қызыл судан төніп тұрған қауіп жоқ. Дегенмен сақтық шараларын қабылдау өте маңызды.

Биыл 6 наурызда қаламызда су тасқынына қарсы штаб құрылды. Қазір штаб күндіз-түні жұмыс жасауда. Қала аумағындағы саяжайлар мен бірқатар шеткі аудандар, сондай-ақ су басу қаупі бар Шанхай, Сүт зауыты, Құрмыш, Мәскеу шағын аудандарынан қар мен су шығару жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Бүгінге дейін Ақтөбе қала бойынша 230 мың текше метр қар, 80 мың текше метр су шығарылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға 140 ассенизатор, 50 мотопомпа, 650 адам жұмылдырылды, — деді ол.   

Су тасқыны. Жағдай бақылауда - Ақтөбе әкімі

Қала әкімі қазір елді мекендерге су бағытын бұру, өзендер мен су қоймалары маңында орналасқан тұрғын үйлерді су басу қаупінен сақтандыру үшін алдын алу шаралары қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы шаралар жалғасатын болады. 

Айта кету керек, наурыз айынан бері Ақтөбе облысында су тасқынына қарсы 280-нен астам адамнан тұратын 20 мобильді топ жұмыс жасап жатыр. Жалпы, облыстағы жағдай тұрақты және бақылауда. Елді мекендерде су басу қаупі жоқ.

Өзгелердің жаңалығы