Су тасқыны: оқиға хронологиясы

1 Сәуір 2024, 13:26
1028
Бөлісу:
Су тасқыны: оқиға хронологиясы
PHOTO
Фото: ТЖМ

Облыс тұрғындары су тасқыны салдарымен қалай күресті, оқиға хронологиясын жинақтадық, деп хабарлайды  Baq.kz тілшісі.

Көктем келісімен қыстағы қалың қар еріп, көктемгі жауынның салдарынан су тасу деңгейі күрт өседі. Бұл жыл сайын мемлекетті де, халықты да алаңдататын мәселе. Ұлу жылы халқымызды бұл сынақ айналып өтпеді. Қазақстанның біршама аймақтарында су тасқыны жүріп, әбігерге салды. Ендеше оқиға қалай басталды?

Су тасқынына дайындықты ақпаннан бастадық

Ақпан келісімен еліміздің барлық өңірі су тасқынына дайындық жұмыстарын пысықтады. Ал Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов су тасқыны болуы мүмкін өңірлерді атады.

Су тасқыны: оқиға хронологиясы

Қазгидрометтің ақпан және наурыз айларының соңындағы алдын ала болжамына сәйкес республиканың оңтүстік-шығыс, солтүстік және орталық бөліктерінде тәулігіне айлық нормамен мол жауын-шашын түсуі мүмкін. Осыған байланысты, 10 өңірдің елді мекендерін су басу қаупі бар. Атап айтқанда, тау суларының ағыны салдарынан Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары, ал Батыс Қазақстан, Ақмола, СҚО, Қарағанды, Павлодар және Қостанай өңірлерінде қардың көп еруіне байланысты су басу қаупі бар, - деп айтты Әрінов отырыста.

Ал Премьер Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында су тасқынына дайындық жүргізу үшін үш министрлікке үш тапсырма берген болатын. Олар: төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, арнайы және инженерлік техниканы шоғырландыруы, бизнеспен олардың техникасын резерв ретінде пайдалану туралы келісімге келуі керек, екіншіден, ақпарат министрлігімен бірлесіп, бүгіннен қалдырмай халықты су тасқыны қаупі, су басу және эвакуациялау кезіндегі іс-қимыл ережелері туралы кеңінен хабардар ету жұмыстарын бастау қажет. Үшіншіден, көлік министрлігі жолдар мен көпірлердің жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізілуі керек болатын.

Су тасқыны: оқиға хронологиясы

Аталмыш тапсырмадан кейін де республиканың барлық өңірлерінде су тасқыны кезеңіне жұмыстар пысықталып, әкімдер су деңгейінің көрсеткіштерімен жіті танысып отырды.

Көктем келді...су келді...

Әкімдіктер су тасқынының алдын алу мәселелерін қанша қарастырғанмен табиғи апатқа төтеп бере алмады. Су тасқыны 19 наурыз күні Ақтөбедегі "Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз" республикалық тас жолының 232 - 233 шақырымында, яғни Шалқар қаласынан 20 км жерден басталды.

Су тасқыны: оқиға хронологиясы

Мұнай құбырына қызмет көрсетуге арналған инженерлік жолдың сол жағында орналасқан параллельді жол арқылы жол төсемінен асып, еріген судың пайда болуынан жолдың төмен орналасқан бөлігін су басып, нәтижесінде су тасқыны орын алды. Жол бетіндегі еріген судың ені 15 метр, биіктігі шамамен 3-5 сантиметр. Бұл аумақта үш су құбыры бар, су құбырлары толықтай жұмыс жасап тұр, - деп жазды ҚазАвтожол.

21 наурызда су тасқыны Абай облысында да анықталды.

Су тасқыны: оқиға хронологиясы

Абай облысының "Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғаз" тас жолы учаскесінің 767 және 834 шақырымдарында еріген сулардың тасқыны анықталды, оның ұзындығы 30 метр, ені 0,5 см. Көрсетілген аумақта су өтетін құбырлар қарастырылмаған. Қазіргі уақытта еріген суды ағызу жұмыстары жүргізілуде. Жол мен жол төсемінің бұзылу қаупі жоқ, көлік қозғалысы шектелмеген, - делінген республикалық автожолдарды басқару жөніндегі ұлттық оператордың хабарламасында.

Дәл сол күні 21: 00 де Алматы облысында да су тасыды.

Су тасқыны: оқиға хронологиясы

Күннің жылынуы мен қардың тез еру салдарынан Кеген-Нарынкөл тас жолының 60 км (40 м) және 72 км (40 м) (Қайнар және Текес ауылы, Райымбек ауданы, IV санат) жол бөлігінде су тасқыны болды. Жалпы су ағынының ұзындығы 80 м, ал биіктігі 10 см құрады. Көрсетілген учаскеге диаметрі 1 м болатын су өткізгіш құбыр орнатылды. Жағдайды қалыпқа келтіру үшін 10 қызметкер мен 4 техника жұмылдырылды,- делінген ведомство хабарламасында.

26 наурызда Ақтөбедегі тасқын су Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында Мұқан шоқыларынан келген қалың қар мен судың көптігінен жайылып, су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізу үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің 20982 әскери бөлімінен 50 әскери қызметкері мен 4 бірлік техника Темір ауданы Шұбарқұдық елді мекеніне аттанды. Жағдай күрделеніп, 25 үйдің ауласын су басты. Сондай-ақ Байғанин, Ойыл аудандарында да жағдай күрделеніп, екі аудандағы бірқатар ауылға су жайылған, жолдар мен көпірлерді су шайып кетті.

Су тасқыны: оқиға хронологиясы

Дәл осы күні "Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Бұғаз" автожолын су басты. Оған "ҚАЖсервис" ЖШС ҚӨФ ДЭУ-46 мамандары уақытша жол белгілері мен сигналдық тіректерді орнату бойынша жұмыстарды атқарып,  оған 2 техника мен жеке құрамның 5 адамы жұмылдырылды.

Сондай-ақ 27 наурыз күні Астанада қаласындағы Қоянды ауылында 3 жеке үй мен 2 уақытша тұрғын үй құрылыстары су астында қалды.

Қарағанды халқы да бұл мәселемен бетпе-бет келді. Қаланың жаңа орталығы саналатын Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданындағы бірнеше ірі көше мен даңғылды қызыл су алып кетті. Еріген қар суы көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен бірінші қабаттарына да кірген.

Су тасқыны: оқиға хронологиясы

Сонымен қатар қар мен мұздың тез еруі салдарынан "Самара-Шымкент" республикалық маңызы бар авто жолының 479 шақырымының (Қоскөл ауылы) жол жүру бөлігін су алды. Еріген суды алдын алу мақсатында инертті материалдар толтырылған қаптар төселіп, белгісі бар бағандар орнатылды.

27 наурыз күні бастауын алған Ақтөбедегі ахуалдың беті бері қарамады. Әуежай маңы суға толып, қалалар ішіндегі рейстер кешіктірілді. Салдарынан Ақтөбе әуежайы бір күнге толық жабылды.

Су тасқыны: оқиға хронологиясы

Наурыздың 28-і Ұлытау селосынан 70 шақырым жердегі Талдысай елді мекенінде қардың қарқынды еруіне және жер асты суларының көтерілуіне байланысты 8 жеке үй су астында қалып, су деңгейі 50 см-ге жеткені туралы хабарланды.

Сондай-ақ Қостанай облысы Арқалық қаласы, Амангелді және Жанкелді аудандарында төтенше жағдай енгізілді.

 28 наурыздан бастап Ақтөбедегі Мұғалжар ауданында да төтенше жағдайлар жарияланып, Қобда өзені арнадан шығып, ауылдың батысындағы үйлерді су басқан.

 

Су тасқыны: оқиға хронологиясы

Су тасқыны жағдайын бағалау мақсатында Ақсуат және Аягөз аудандарында "Қазавиақұтқару" АҚ МИ-8 тікұшағында аэровизуалды ұшу жүргізді. Ұшу барысында тауларда қар еру процесі жалғасып жатқаны, Боғаз, Аягөз өзендерінің тасуы, сондай-ақ автомобиль жолдары бойында еріген қар суының жиналуы байқалғанын жеткізді.

29 наурыз күні Көкшетаудағы Қылшақты өзенінің жағасынан судың шығуына байланысты 16 жеке үй, 29 жеке аула аумағы және 12 көп қабатты тұрғын үй ауласы, сондай-ақ "Ертөстік" балабақшасының 1-қабатын су басты,- деп хабарлады ТЖМ.

Онда 11 111 адам эвакуацияланды.

Дәл осы күні Ойыл ауданындағы жағдай күрделеніп, төтенше жағдай режимі енгізілді. Екпетал ауылын толық су басты, Қаратал, Қарасу, Амангелді, Қарасу, Көптоғай ауылдарына үлкен қауіп төнді.

Көкшетауда да жағдай күрделене түсті. Қылшақты өзеніндегі су деңгейінің қалыптан тыс көтерілуіне байланысты күрделі су тасқыны жағдайына байланысты көкшетаулықтардың өмір сүру жағдайлары бұзылып, қалада ТЖ режимі жарияланды.

Бүгінгі мәліметтерге сүйенсек барлық аймақ суды сору жұмыстарын жүргізіп, су тасқынының салдарын жою жұмыстарымен айналысып жатыр. Оған облыстағы құтқарушылармен қоса әскери қызметкерлер мен ерікті жастар үлес қосуда.

Үкімет халықпен бірге...

Халыққа туған сын-қатерде үкімет халықпен бір арнада болды.Бірінші вице-премьер Роман Скляр Ақтөбе облысына барып, ондағы су тасқыны жағдайымен және жүргізіліп жатқан жұмыс тарды үйлестіру барысымен танысты. Роман Скляр су қоймасының жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізуді, ал су жіберу бойынша барлық жұмысты жергілікті атқарушы органдармен келісуді тапсырды.

Бұл мәселеде депутататтар да сын сағатта халық жанынан табылды. Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай, Қазыбек Әлішов, Асқар Садықов Ақтөбе облысына барып, жағдайды өз көздерімен көрді. Ал Айна Мүсірәлімова мен Юлия Кучинская Ақмола облысындағы Қоянды кенті мен Көкшетау қаласында болып, су тасқыны жағдайымен танысты, жедел штабтарды аралап, өңір тұрғындарымен кездесті. Олар еріктілердің жұмысын үйлестіріп, қажет болған жағдайда гуманитарлық көмектің жеткізілуін қамтамасыз ету шараларын жүргізді.

Су тасқыны: оқиға хронологиясы

29 наурыздан бастап ТЖ режимі жарияланғаннан кейінгі күні Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендерге алғашқы төлемдер төлене басталды. Отбасының әрбір мүшесіне 100 мың теңгеден 183 адам төлем алды. Шамамен бір отбасыға орта есеппен 500-600 мың теңге бөлінеді. Барлығы 18 млн. теңгеден астам төленді. Бұл төлемдер тұрғын үйді жалға алу, азық-түлік, киім-кешек сатып алу және т. б. сияқты негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған.

30 наурыз күні Президент су тасқынына байланысты шұғыл кеңес өткізіп, су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайға байланысты кешірім сұрап, барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтты.

Су тасқыны: оқиға хронологиясы

Олжас Бектенов 31 наурыз күні су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді. Онда ол:

Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларды қанағаттанарлықсыз деп сынға алды. Қазірден бастап апаттан келтірілген залалдың көлемін бағалауды бастап, зардап шеккен адамдарға дереу материалдық көмек көрсетуге кірісу керек. Сондай-ақ болашақта мұндай ауқымды су тасқынының алдын алу үшін кешенді шаралар әзірлеу қажет. Әр өңірде нақты іс-қимыл жоспары болуға тиіс, — деп атап өтті.

Тұрғындар эвакуацияланды

Ақтөбе облысының Қанай елді мекенінде 27 наурыз күні адамдар эвакуацияланды. Ал Қостанайлық құтқарушылар Қызыл Жұлдыз ауылында 37 адам, оның ішінде 18 баланы эвакуациялады.

Батыс Қазақстан облысы Аңқаты ауылының тұрғындарын мектеп-интернатқа көшіру жүргізілді.

Ал Шалқарда құтқарушылар суда қалған ірі қараларды құтқарып, қауіпсіз аймаққа апару жұмыстарын жүргізді.

 

Су тасқыны: оқиға хронологиясы

28 наурызда Жезді кентінде су тасу қаупі көтеріліп, 128 адам, оның ішінде 65 бала эвакуацияланды.

Ал Ақтөбеден 21 наурыздан бері 831 адам эвакуацияланды, оның ішінде 376 бала. Олар туыстарының үйіне орналастырылды.

30 наурыздағы мәлімет бойынша Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ұлытау және Абай облыстарында 8 811 адам, оның ішінде 3 183 бала құтқарылып, эвакуацияланды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Абай облыстарында уақытша орналастыру пункттерінде 5 467 адам, оның ішінде 1 977 бала орналастырылды.

Су тасқыны: оқиға хронологиясы

Біз біргеміз...

Осындай төтенше жағдай кезінде халқымыздың "Бір жағадан – бас, бір жеңнен- қол шығарып", көпшілікпен көмекке асығатыны қуантады. Әскери қызметшілермен қоса көмекке алғаш келген ол – еріктілер болды.

Атап айтар болсақ, AMANAT партиясы "Жастар Рухы" жастар қанатының еріктілері Ақтөбе, Қостанай және Абай облыстарында су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек көрсетіп, бұзылған үйлерді қалпына келтіріп, азаматтарды қауіпсіз жерлерге көшірісті.

Су тасқыны: оқиға хронологиясы
Ақтолқын Ғалымқызы

Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 500-ден астам ерікті, волонтерлық ұйымдар мен топтар халыққа көмек көрсетуге жұмылдырылды. Мәселен, Қостанай облысының Арқалық қаласында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері еріктілермен бірлесіп, ауданның 45 үйінде еріген суды сору жұмыстарын жүргізді, 880 тоннадан астам қож және 120 тонна топырақ пайдаланылып, 300-ден астам инертті материал төселді.

Солтүстік Қазақстан облысында волонтерлердің аймақтық фронт офисі, "Көмек жаныңда" волонтерлік қозғалысы және ТЖД-мен бірлесіп, су басу қаупі бар жерлерге рейдтер жүргізіп, тұрғындарға нұсқау беріп, жадынамалар таратты.

Су тасқыны: оқиға хронологиясы
Ақтолқын Ғалымқызы

Қостанай облысы ҚХА этномәдени бірлестігі су тасқынымен күресіп жатқан Амангелді ауданының тұрғындарына жәрдемге келді. Олар 10 мың теңгеден асатын сомаға 1000 қап, 500 қолғап, күрек сатып алды. Құралдар сол күні Амангелді ауданына жіберілді.

Су тасқыны: оқиға хронологиясы

Әскерилер де көмекке елді. Республикамыздың әр өңіріндегі әскери бөлімдер, Ұлттық ұлан сарбаздары халықты құтқару жұмыстарына, құм салынған қапшықтармен бөгет салуға белсене араласты.

Су тасқыны: оқиға хронологиясы

Сондай-ақ қазіргі таңда ҚР Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштері тікұшақтарының экипаждары жергілікті халықты құтқаруға, азық-түлік, жылы киімдер мен бірінші кезекте қажетті заттарды жеткізуді жалғастыруда.

Су тасқыны: оқиға хронологиясы

Ал еліміздің кей өңірлерінде гуманитарлық көмек жинайтын пунктер жұмысын бастап, халыққа керек-жарақтарды жинау үстінде.

Өзгелердің жаңалығы