Су тасқыны: Атырау, Маңғыстау және ШҚО-дағы еріктілер есеп берді

17 Сәуір 2024, 12:40
200
Бөлісу:
Су тасқыны: Атырау, Маңғыстау және ШҚО-дағы еріктілер есеп берді
Фото: Ақорда

Республикалық ақпараттық штабының брифингінде еріктілер видеобайланысқа шығып, облыстарындағы волонтерлар жұмысы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Атырау облысында Ассамблея жастарынан 300-ге жуық волонтер тіркеліп, колледж студенттері, жастар, қаламыздың тұрғындары белсенді атсалысып, келе жатқан су апатына қарсы жаға бекіту жұмыстарымен айналысып жатыр. Қаладағы гуманитарлық көмек қабылдау пункттерінде де еріктілер таңертеңнен кешке дейін қаламызды аман алып қалу үшін жұмыс жасап жатыр, - деді РҚБ “Ассамблея жастары” Атырау облысы өкілдігінің төрағасы Нұрхан Бақытжанов.

Ал Шығыс Қазақстан облысының волонтерлері төтенше жағдай қызметінің өкілдерімен бірлесіп су тасқыны қаупі бар аумақтарға мониторинг жүргізу, халыққа ақпараттық түсіндіру жұмыстарына, жеке секторды қардан тазартуға көмектесіп жатыр.

Су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған өңір тұрғындарына көмек көрсету мақсатында фронт-офис волонтерлері Қазақстан халқы ассамблеясы және жастар қоғамдық ұйымдарымен бірлесіп 20 тонна гуманитарлық көмек жинап, Солтүстік Қазақстан облысына жеткізілді. Қазіргі таңда Атырау облысына гуманитарлық көмек жинау жалғасуда. Бұл жұмыстарға фронт-офисті 300-ге жуық волонтері жұмылдырылды, - деді Шығыс Қазақстан облысы волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Айдос Әділбеков.

Ал Манғыстау облысы еріктілерінің жұмысы туралы облыс волонтерлері фронт-офисінің жетекшісі Гүлмира Баянқызы баяндады.

Еріктілер осы сәтте заттарды сұрыптауға, тасуға, жинауға көмектесіп жатыр. Жалпы облыс бойынша эвакуациялық пункттер мен жинау орталықтарына 1 032 ерікті жұмылдырылған. Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығында жүрген еріктілер қатарында мектеп қабырғасындағы оқушыдан бастап, студент, белсенді жастар мен кәсіпкерлер де болды, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы