Су ресурстары мен энергетика: Тоқаевтың Жолдаудағы бастамалары экологияға қалай әсер етеді?

Құрылтай депутаты Алмат Әбдікешов Жолдаудағы су ресурстары мен энергетиканы дамыту бағыттарының экологиялық маңызы туралы айтты.

29 Қазан 2026, 13:46
АВТОР
 primeminister.kz 29 Қазан 2026, 13:46
29 Қазан 2026, 13:46
170
Фото: primeminister.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың су ресурстарын ұтымды пайдалану және энергетика саласын дамыту жөніндегі бастамалары Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға, зиянды шығарындыларды азайтуға және экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етуі мүмкін. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне Құрылтай депутаты Алмат Әбдікешов айтып берді.

Депутаттың сөзінше, суды цифрлық есепке алу жүйесін енгізу және заманауи суару технологияларын қолдану ауыл шаруашылығын дамытуға әрі табиғи ресурстарды сақтауға жаңа мүмкіндік береді.

Президенттің бастамалары табиғатты қорғауға да, ауыл шаруашылығын дамытуға да жол ашады. Суды цифрлық есепке алу жүйесі оның қай жерде ысырап болып жатқанын нақты анықтауға мүмкіндік береді. Ал заманауи суару жүйелері суды өсімдікке қажетті уақытта және тиісті мөлшерде жеткізуге көмектеседі. Фермерлер үшін бұл – тұрақты өнім алу, құрғақшылық жылдарындағы тәуекелді азайту деген сөз. Ал ел үшін азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, өзен-көлдердің суын ұқыпты пайдалануға мүмкіндік береді. Егер жаңа технологияларды енгізу суару каналдарын жөндеумен және шаруаларды қолдаумен қатар жүргізілсе, алғашқы нәтижелерді алдағы жылдары-ақ көруге болады, – деді Алмат Әбдікешов.

Депутаттың пікірінше, ең бастысы – суды үнемдеуге бағытталған шаралардың нақты нәтиже беруі. Сонда оның игілігін ауыл тұрғындары мен аграрлық сала ғана емес, табиғи экожүйелер де көре алады.

Энергетиканы дамыту Қазақстан экологиясына қалай әсер етеді?

Депутат атом энергетикасы мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселесіне де тоқталды.

Оның пікірінше, энергия өндірудің әртүрлі көздерін қатар дамыту Қазақстанға экономиканың электр энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етуге және көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларына тәуелділікті біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді.

Атом энергетикасы мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту – экономикамызды жаңғыртып, экологиялық тұрғыдан тиімдірек етуге берілген маңызды мүмкіндік. Атом электр станциясы тұрақты энергия өндіруді қамтамасыз етсе, күн мен жел электр станциялары энергетикалық жүйені толықтыра алады. Олардың үйлесімді дамуы жаңа өндірістердің ашылуына, білікті жұмыс орындарының құрылуына және отандық технологиялардың өркендеуіне негіз болады. Экологиялық әсері де нақты. Көмірмен өндірілетін электр энергиясының үлесі азайған сайын парниктік газдар мен адам денсаулығына кері әсер ететін зиянды заттардың шығарындыларын қысқартуға болады, – деді ол. 

Депутаттың пікрінше, қалалардағы ауаны тазарту үшін бұл жұмысты жылу электр орталықтарын, жылыту жүйелері мен көлікті жаңғыртумен ұштастыру қажет. Себебі экологиялық және қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған жағдайда, мұндай жобалар елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға да ықпал етеді

Алмат Әбдікешовтің бағалауынша, Жолдауда айтылған бастамалардың экологиялық тұрғыдан оң нәтиже беруі олардың іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынына байланысты. Ол үшін су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және энергетика саласын дамыту кезінде экологиялық талаптарды сақтау маңызды.

Еске салсақ, бұған дейін су тұтыну процестері автоматтандырылып, 2027 жылдың соңына дейін барлық су қоймасын цифрландыру жоспарланып отырғанын  хабарладық.

Тағы оқи отырыңыз: Тоқаев: Келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастауды қажет деп санаймын 

Наверх