СҚО тұрғындары бизнес-жобаларын табысты жүзеге асырып жатыр

9 Тамыз 2023, 10:35
396
Бөлісу:
СҚО тұрғындары бизнес-жобаларын табысты жүзеге асырып жатыр
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Биыл 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға 274 грант беру жоспарланған. Бүгінде өңірде 178 адам мемлекеттен қолдау алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, ұлттық жобаға қатысушылардың бірі Ақжар ауданының тұрғыны Дариха Құрбанова. Ол 1 380 000 теңге көлемінде мемлекеттік грант алып, Восход ауылында өз наубайханасын ашқан.

Мен отбасыммен Солтүстік Қазақстан облысына өткен жылдың қыркүйек айының соңында, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы бойынша көшіп келдім. Облыс әкімдігі маған мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын ұсынды, көшуге субсидия төледі, тұрғын үймен қамтамасыз етті. Сонымен қатар бизнесті дамыту үшін қайтарымсыз грант туралы да егжей-тегжейлі түсіндірді. Грант – өз кәсібін бастамақ болғандар үшін керемет қолдау, – деп бөлісті Дариха Құрбанова.

Ол сондай-ақ қасына көмекші алғанын және болашақта өз бизнесін кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы бизнес-идеяларды іске асыру үшін барлығы 9 000 грант беру жоспарланып отыр. Бұл ретте, осы жылдың басынан бастап 5 317 грант берілді.

Business.enbek.kz порталы арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға өтініштерді қабылдаудың үшінші легі 2023 жылдың қыркүйек айына жоспарлануда. 

Тиісті хабарландыру өтініштерді қабылдау басталғанға дейін күнтізбелік 10 күн бұрын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланатын болады. Порталда өтініштерді қабылдау мерзімі әр лекте 10 жұмыс күнін құрайды.

Өзгелердің жаңалығы