СҚО-ға Ресейден келушілердің легі азая бастады

27 Қыркүйек 2022, 19:53
1593
Бөлісу:
СҚО-ға Ресейден келушілердің легі азая бастады
Фото: автордан

Петропавлға  Ресейден келуші азаматтардың легі біршама бәсеңдей бастады. 21-25 қыркүйек аралығында Қазақстанның солтүстік шекарасы арқылы 28 мыңнан астам ресейлік келген, деп хабарлайды BAQ.KZ Солтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі. 

Олардың 64-і ғана Петропавлда уақытша тұруға рұқсат алған. ХҚКО-ларға жеке сәйкестендіру номерін алуға келушілер саны көбейген. Дегенмен ұзын-сонар кезек байқалмайды. Соңғы екі күнде аталған құжатты алу үшін 1340 адам өтініш берген. Полиция қызметі қоғамдық орындарда кезекшілікті күшейтті. 

СҚО-ға Ресейден келушілердің легі азая бастады

«Барлық аудандар мен облыс орталығында кәсіпорындар мен ұйымдар, қонақ үйлер, хостелдер, жалға берілетін пәтерлер тексерілуде. Полицияның учаскелік инспекторлары, көші-қон қызметі, прокуратура, әкімдік мамандарынан мобильді топтар құрылды. 21-ші қыркүйектен бері 3 ресейлікке қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар тіркелген жоқ», - дейді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ермек Нүсірбаев.

Облыс орталығында уақытша баспана мәселесі өзекті. Сұраныс жоғары болғандықтан, қонақ үйлер, жалға берілетін пәтерлер құны артты. Қазір бос орын жоқ. Басқа тауарлар мен қызметтердің бағасы тұрақты. Адамдар вокзалдарда түнеуге мәжбүр. Кейбір қала тұрғындары ресйліктерге көмектесіп, уақытша баспанамен қамтамасыз етуде. Көші-қон қызметінің мамандары мұндай жағдайда полицияны хабардар ету қажеттігін ескертті. 

СҚО-ға Ресейден келушілердің легі азая бастады

«Солтүстік Қазақстан – транзиттік өңір саналады. Жүргізілген мониторингтен байқағанымыздай олардың басым бөлігі Петропавл қаласында бір күн түнеп қана кетеді. Ресейден келген азаматтардың 20 мыңы 18-60 жас аралығындағы азаматтар. Бұл мәліметтен келушілердің барлығы бірдей мобилизациядан бас тартып жатқандар емес екені байқалады», - дейі СҚО әкімінің орынбасар Дәурен Жандарбек. 

Жергілікті шекара қызметінің мамандары ресейлік тарап өткізу бекеттеріндегі бақылауды күшейткенін хабарлады.

Өзгелердің жаңалығы