СҚО-да бруцеллез ауруына байланысты үш елді мекенге шектеу енгізілді

15 Тамыз 2023, 23:36
752
Бөлісу:
СҚО-да бруцеллез ауруына байланысты үш елді мекенге шектеу енгізілді
Фото: baq.kz

Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданындағы Ленинское елді мекенінде бруцеллез ошағы табылып, шектеу шаралары енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

СҚО ветеринария басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Аққайың ауданы Ленинское елді мекенінде тұрғындардың қорасындағы мал ауру жұқтырған. Соңғы рет мұнда дерт 7 тамыз күні 9 ірі қарадан анықталса, жалпы мамыр айынан бастап 63 сиыр ауырып, пышаққа ілікті.

Ауру малдың көзі толық жойылды. Бруцеллез ошағы анықталғандықтан, елді мекенге шектеу шаралары қолданылды, яғни малды, оның сүті мен етін ауыл аумағынан шығаруға болмайды. Қазіргі уақытта Аққайың ауданындағы Камышлово елді мекенінде және Ақжар ауданының Талшық ауылында да шектеу шаралары бар. Соңғысында үш көшеге шектеу қойылды, - дейді басқарманың баспасөз хатшысы Аманжол Нұртазин.

Қызылжар ауданы Байсал ауылында тұрғындардың үш ірі қара малы ауырып, сәуір айында елді мекенге шектеу қойылса, ол тек тамыз айының басында ғана алынды.

Жалпы СҚО-да жыл басынан бері 5 аудан – Айыртау, Ақжар, Аққайың, Қызылжар және Уәлиханов аудандарында сарып анықталып, 170 ауру малдың көзі жойылды. Оның ішінде шаруашылықтың да тұрғындардың да сиыры бар. Былтыр осы уақыт аралығында 722 ірі қара мал ауырған.

Өзгелердің жаңалығы