Астанада шетелдік мамандарға обырды диагностикалау мен емдеудің заманауи технологиялары, оның ішінде Орталық Азиядағы алғашқы протондық терапия кешені таныстырылды.
Қазақстанның Ұлттық ғылыми онкология орталығының мүмкіндіктерімен Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері танысты.
Халықаралық делегация кеше «Қоғам денсаулығы мен цифрлық кеңістіктегі медициналық-санитариялық алғашқы көмектің тиімділігі» конгресі аясында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталыққа барды.
Шетелдік әріптестерге Орталықтың онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу мүмкіндіктері, сондай-ақ заманауи медициналық жабдықтары таныстырылды.
Сәулелік технологиялар орталығына ерекше назар аударылды. Мұнда сәулелік терапия мен ядролық медицинаның заманауи әдістері қолданылады.
Делегация мүшелері ісікке дәл бағытталған әсер етуге және айналасындағы сау тіндердің сәулелену жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретін протондық терапия кешенімен танысты.
Сонымен қатар қонақтарға ПЭТ/КТ және ПЭТ/МРТ жүйелері көрсетілді. Бұл технологиялар дәрігерлерге ісіктерді анықтауға, аурудың таралу деңгейін бағалауға және емдеу жоспарын әзірлеуге көмектеседі.
Сапар барысында үш елдің мамандары онкология саласындағы тәжірибе алмасып, заманауи медициналық технологияларды енгізу және медицина кадрларын даярлау мәселелерін талқылады.