Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысының полициясы интернет-алаяқтықтың 40-қа жуық эпизодын ашты. Мәселен, Шымкент тұрғыны «Entriver» қосымшасы арқылы жолаушыларды тасымалдауға тапсырыс беру сылтауымен жүргізушілердің жеке деректерін – жеке куәліктерін, тексеру үшін фотосуреттерді, сондай-ақ банк шоттарының деректемелерін алдау арқылы алған. Содан кейін жәбірленушілерге микрокредиттік ұйымдарда қарыздар рәсімдеген. Қазіргі уақытта оның осындай тоғыз фактіге қатысы бар екендігі дәлелденді. Облыс полицейлері тағы бір алаяқты ұстады, ол өзін спутниктік теледидар қызметкері ретінде таныстыра отырып, азаматтардың дербес деректерін алып, микрокредиттік ұйымдарда қарыздар рәсімдеген. Оның осындай 30-дан астам фактіге қатысы бар болып шықты, - деп атап өтті ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Айтуынша, Ішкі істер министрлігі онлайн несие беру рәсімдерін қатаңдатуды ұсынған.
ІІМ-нің бастамасы бойынша осындай қылмыс түрлеріне тосқауыл қою үшін биометрия және электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы онлайн-кредиттерді рәсімдеу рәсімдері қатаңдатылды. Банктермен бірлесіп азаматтардың шоттарының сақталуын қамтамасыз ету және заңсыз кредиттерді рәсімдеудің жолын кесу жөнінде қосымша шаралар іске асырылуда. Ауыспалы нөмірлерден жасалатын интернет-алаяқтықтардың жолын кесу үшін байланыс операторлары антифрод-жүйелерді интеграциялау бойынша техникалық жұмыстар жүргізді, бұл қазақстандық абонентке қоңырау түсу кезеңінде ауыстырылатын нөмірлерді анықтауға және бұғаттауға мүмкіндік береді, - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Еске сала кетейік, бұған дейін былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 6 мыңға жуық әйел полицияға жүгінгені туралы жазған болатынбыз.