Спорт күні. Алматыда асық атудан жарыс өтті

20 Тамыз 2023, 17:01
3079
Бөлісу:
Спорт күні. Алматыда асық атудан жарыс өтті
Фото: Наурызбай ауданы әкімдігі

Алматыда Спорт күніне орай Наурызбай ауданының тұрғындары асық атудан жарысты. Жеңімпаз гранд-финалға жолдама алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жарыс қала жастарының арасында ұлттық ойынды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған. Бас жүлдеге Renault Logan авта көлігі қойылған. Гранд-финалға жолдама алған 8 адам күзде бас жүлдені сарапқа салады.

Біздің мақсатымыз – жастардың бойына ұлттық ойындарды сіңіру. Осы мақсатта қаламыздың белсенді жастары гранд-финалға жолдама алды. Қатысушылардың саны шектеулі болды, сол себептен таңдау қиынға соқты. 32 адамның ішінен гранд-финалға 8 адам жолдама алды. Қатысушыларға қояр талабымыз – жасы 18-ден асқан, ҚР азаматы болуы керек. Сондай-ақ жарысқа қатысуға тіркелген адамның атында жеке көлігі болмау керек деген талап қойдық. Қаламыздың қалған аудандарында іріктеу ойындары өтеді. Алдағы уақытта бұндай ойындардың қатары артады деген сенімдемін, – дейді жарыстың ұйымдастырушысы Sirage media платформасының негізін қалаушы, блогер Шоң Өмен.

Ұйымдастырушы өз көлігін ұтысқа тіккен. Осылайша, ұлттық ойындарды жастардың бойына сіңіруді мақсат еткен

Көлік жаңа емес, дегенмен болашақта демеушілік жасайтын жандардың қатары артады деген сенімдемін. Неге біз асық атуды қолға алдық? Қала жастарының арасында өзінің тарихы мен ұлттық ойындарынан бейхабар, ұмытып бара жатқан жастарды көзіміз шалдық. Біз "#qolda" деп аталатын жобамыздың аясында тек асық ату ғана емес, садақ атудан, бәйгеден жарыс ұйымдастырамыз. Осылайша жастардың ұлттық спортқа деген сүйіспеншілігін дамытуды жоспарлап отырмыз, – дейді жарыстың ұйымдастырушысы Sirage media платформасының негізін қалаушы, блогер Шоң Өмен.

Концерттік бағдарламадан кейін жарыс жартылай финалмен және финалмен жалғасты, жеңімпаз анықталды. Жеңіске ие болған 28 жастағы Төлеубек Кәрімбеков күзде қаланың қалған жеті ауданының чемпиондарымен көлік үшін бақ сынасады.

Өзгелердің жаңалығы