СПИД пен АИТВ-ны ажырата аламыз ба?

22 Ақпан 2021, 18:56
3005
Бөлісу:
СПИД пен АИТВ-ны ажырата аламыз ба?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қалалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының, АИТВ-жұқпасына эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Інжу Бекетқызының айтуынша, АИТВ мен ЖИТС терминдері бір-бірімен бай­ланысты, бірақ синоним емес.

2018 жылға дейін, менің түсінігімде, осы аты жаман дертпен түрмеге түскендер мен жеңіл жүрісті қыздар ғана ауырады және олар көп өмір сүрмей, өледі» деген ғана түсінік болған еді. Осындай жаман пікірдегі мен үшін өзімдегі АИТВ дәрежемді білу қандай қиын болғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Тағдыр сынына аямай алған жанның бірімін, бірақ, Аллаға шүкір, әлі тірімін. Жолдасым «Б» Өзбекстан азаматы. Құрлыста жұмыс істейтін. Сонда таныстық. Мен үшін «Б» кеш келген бақытымдай көрінді. Ол да жайлы адам болды: ішпейтін, шекпейтін. Біз бақытты едік. Амал қанша, 2018 жылдың көктемі сол бақытымды көкке ұшырды. Жолдасым суық тиіп ауырып, ауруханаға түсті. Ертесіне маған шақыру келді. АИТВ дәрежемді анықтайтын анализ тапсыруым керек екен. Басында түсінбедім. Сол бойы түсінбегенімде, қазір өмір сүрмес пе едім, кім білсін?.. Жолдасымнан анықталған АИТВ-ның оң нәтижесі менен де анықталды. Сол күннен бері Нұр-Сұлтан қалалық СПИД-ке қарсы күрес орталығы екінші үйіме, ондағы мамандар ет жақындарыма айналды. Алғашында «қашан өлем, қанша ғұмырым қалды?» деп сұрайтын едім. Ал қазір қайта тұрмыс құрып, бала сүйгім келетінімді айтып, ақыл-кеңес сұрап жүрмін. Осылай СПИД – өлім емес екенін түсінгенде, өмірге қайта тудым, - дейді Айжан.

Оның айтуынша, АИТВ туралы ақпараттың көптігіне қарамастан, ол туралы бұрмаланған пікір баршылық.  

Көбі мен сияқты ойлайды. АИТВ анықталды ма, болды, «сен СПИДсің» дейді. Міне, осыдан өзіне қол салып немесе өмірден баз кешкен адамдар қаншама? Расымен АИТВ мен СПИДті ажырата аламыз ба? Мысалы, АИТВ жұқтырған адам міндетті түрде ЖИТС-пен ауырады деген түсінік бар. Бұл - дұрыс емес. Иммунитет тапшылығы синдромы атышулы инфекцияның төртінші, яғни соңғы кезеңі, ем мен жүйелі ме­ди­циналық бақылаудың арқасында АИТВ-инфекциясын ЖИТС-ке ұластырмауға болады. АИТВ мен ЖИТС терминдері бір-бірімен бай­ланысты, бірақ синоним емес», - дейді Нұрсұлтан қалалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының, АИТВ-жұқпасына эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Інжу Бекетқызы. 

Сонымен қоса дәргерлер қоғамда Айжан сияқты ойлайтындар көп екенін де жасырмайды.

Бізде есірткі қолданбаймын, жезөкше емеспін, неге АИТВ-ға қатысты тест тап­сыруым керек деген пікір басым. Ал дәрігерлер ешкімнің бет-әлпетінен оның АИТВ статусын бағалау мүмкін емес дейді. Тіпті АИТВ емделмейтін бол­са, дәрі ішудің қажеті қанша дейтіндер де бар. Шын мәнінде АИТВ инфек­циясын емдеуге арналған дәрі-дәр­мектер ағзаны вирустан толық арылтпайды. Алайда олар аурудың дамуын бақылауға және асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді, бұл АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың ұзақ өмір сүруіне, жұмыс істеуіне, оқуына, отбасын құруына мүмкіндік береді. Емдеу неғұрлым ерте басталса, онымен өмір сүру ұзақтығы соғұрлым жоғары болады, - дегенді айтады сала мамандары.

Антиретровирустық терапияны уақытылы бастау және жүйелі түрде дәрі қабылдау иммундық жүйенің маңызды бөлігі саналатын және вируспен күресуге жауап беретін CD4 және CD8 жасушаларының саны мен арақатынасын сақтауға көмектеседі екен. Емдеу жүргізілмесе, CD4 жасу­шалары азайып, жоғалады, адам ағзасы вирустарға, бактерияларға, саңырауқұлақтарға, екінші дәрежелі инфекцияларға қарсы тұра алмай қалады, салдарынан өлімге немесе ЖИТС сатысына өтуіне алып келеді. Тиімді антиретровирустық емнің арқасында вирустың басқа адамға берілмейтіні ғылымда дәлелденген. Сондықтан дәрігерлер АИТВ инфек­циясының алдын алуға көмектесетін ережелерді сақтауға, ол туралы ой­дан шығарылған жалған фактілерге сенбеуге шақырады.

Өзгелердің жаңалығы