«Сөзтүзер» – тіл мәселесіне жауапкершілікпен қарайтын көпшілік үшін құнды еңбек

9 Қыркүйек 2021, 22:06
2373
Бөлісу:
 «Сөзтүзер» –  тіл мәселесіне жауапкершілікпен қарайтын көпшілік үшін құнды еңбек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Ұлттың сақталуына да, дамуына да ықпал ететін басты фактор – сөйлеу мен жазуға қатысты  ережелерді қолданыста тұрақтандыра отырып, ұлттың сөз мәдениетін қалыптастыру.

Тұрақтандыру үдерісі күнделікті қолданыс аясындағы адамдардың сөйлеу дағдыларынан аңғарылады. Ол сабақ беретін мұғалімдердің тілдік машығынан, үзіліссіз жұмыс істейтін теледидар өкілдерінің сөйлеу тәсілінен, қоғамдық ортадағы коммуникативтік пікір алмасу үлгілерінен, күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі қарым-қатынас түрлерінен және бұқаралық ақпарат құралдарының тілінен көрінеді.

Қазір бұқаралық ақпарат құралдары сан жағынан көбейе келіп, сапалық тұрғыдан да әр алуан өзгеріске ұшырады. Ақпарат құралдарының рөлі бүгінгі күні бұрынғыдан да артып, төртінші билік атауына ие болып отырғаны бекерден-бекер емес. Бұл нені білдіреді? Бұл БАҚ құралдарының қоғамдық санаға тигізетін әсерінің күштілігін айғақтай түседі. Өйткені газет, теледидар мен радиода таратылатын хабарлар мен түрлі айдар, бағдарламаларды сүйіп оқитын/тыңдайтын/көретін өз оқырманы/тыңдарманы/көрермені бар. 

Олар үшін БАҚ құралдары – ең дұрыс, ең сауатты сөйлеу мен жазудың құралы. Сондықтан оның тілінің тазалығы, шұрайлылығы, сауаттылығы – барлығы басты назарда бола отырып, тіл тазалығы мен сөз мәдениеті тәрбиелеудің де кепілі болып табылады. 

Өкінішке қарай, бұл мәселеде көңіл толмайтын жайттар жетерлік. Сондықтан бүгінгі көпшілік назарына ұсынылып отырған «Сөзтүзер» сөздігі  қоғам сұранысынан туындаған, қазіргі уақыттағы қажетті де өзекті мәселеге арналған.

БАҚ-тан, әсіресе, теле-радио мен сайт-порталдардан жиналған екі мыңнан астам деректер талданған бұл сөздікте берілген қателердің сипаты әр алуан. 

Сөздікте орфографиялық, орфоэпиялық, лексикалық, грамматикалық қателердің барлығы жинақталып, сұрыпталып, одан соң талданып, дұрыс нұсқасы ұсынылған. 

Күнделікті тіл экологиясын бұзып, тіл шұбарлауға қатысты мысалдардан басқа, тұрпаты қазақша көрінгенмен, қате қолданыстар жетерлік. Мысалы: аспазшы, шаштаразшы, ұсташы сөздердегі зат есімнен зат есім тудыратын -шы жұрнағынсыз-ақ бұл сөздер кәсіпті білдіреді. Сондай-ақ кітапта берілген тіс еті, аюдың 3 басы бар тіркесімдерін алайық. Бұл тіркестер орыс тілінің ықпалымен сөзбе-сөз аударма нәтижесінде жасалған. Қазақша дұрыс қолданысы – қызылиек, 3 аю (басы сөзі артық). Мұндай мысалдар сөздікте жетерлік. Авторлық ұжымның осы тәріздес мәселелерге ыждағаттықпен қарағаны байқалады.

«Сөзтүзер» сөздігі – тек БАҚ құралдары өкілдері үшін ғана қажетті құрал емес, барлық тіл мәселесіне жауапкершілікпен қарайтын көпшілік үшін де пайдалы, құнды еңбек.

Фаузия Оразбаева

ҚР ҰҒА корр-мүшесі,  педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ


 

Өзгелердің жаңалығы