Созақта «Жасыл белдеу» аймағы ұлғайып жатыр

27 Наурыз 2023, 15:23
852
Бөлісу:
Созақта «Жасыл белдеу» аймағы ұлғайып жатыр
Фото: Түркістан облысы әкімдігінен

Созақ ауданының орталығында жаппай сенбілік ұйымдастырылып, тал көшеттері отырғызылды деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аудан әкімінің тапсырмасымен әкімдікке қарасты бөлімдер мен аудан орталығындағы барлық мекеме қызметкерлері Шолаққорған-Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағына жұмылдырылды.

Бүгінгі таңда «Жасыл белдеу» аймағын арттыру мақсатында Шолаққорған ауылынан Түркістан бағытына шығаберіс облыстық маңызы бар жолдың екі шетінен 1,8 гектар жер арнайы тегістеліп, арықтар салынып, 2 мыңнан аса түп көшет егілді.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков «Жасыл белдеу» аумағында болып, жауапты мамандармен тал көшеттері отырғызылған аймақты шарбақтармен қоршау, уақытылы суғару мәселелерін талқылады. Сондай-ақ өткен жылы отырғызылған көшеттердің жай-күйін бақылап, ауыл округ әкімі мен жауапты мамандарға күтіп-баптау жұмыстарын одан әрі жалғастыруды және аталған аймақты таза ұстау керектігін ескертті.

Алдағы уақытта жаңадан қосылған аумақты арнайы шарбақтармен қоршап, онда қосымша бақша дақылдарын егу жоспарлануда.

Айта кетейік, былтыр Шолаққорған-Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аймағында аудан әкімінің бастамасымен демеушілер есебінен 3 гектар жерге 3500 түп көшет отырғызылған еді. Оның ішінде 2500 түп қара тал, 1000 түп гүжім талы бар. Ағаш отырғызылған аймақ шарбақтармен қоршалған. Бүгінде көшеттер толық өніп тұр.

Өзгелердің жаңалығы