Сот жүйесіндегі терминологияда да шатқаяқтап тұрған жағдай көп

11 Сәуір 2019, 12:56
2720
Бөлісу:
Сот жүйесіндегі терминологияда да шатқаяқтап тұрған жағдай көп

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінде өткен «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» ғылыми-практикалық конференциясында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Бағдат Мақұлбеков сот жүйесіндегі, тіпті заң саласына қатысты Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіндегі термин қолданудың сөлекеттігі туралы айтты.

«Ең бастысы – заң терминдері өзінің мағынасында, негізді қолданылмайды. Заңнама қолданушы маман ретінде түйіндеген бір ойымыз – соңғы жылдары қабылданған заңнамалардың мемлекеттік тілдегі мәтіндерінде ұзақ жылдар қолданыста болған, бұқара халықтың сана-сезіміне сіңіп, қалыптасып кеткен кейбір заң терминдерінің атаулары өзгертіліп, жаңаша мазмұн мен сипатқа ие болып отыр» - деді ол.

Сонымен қатар ол құқықтық маңызы жоғары Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне енгізілген кейбір заң терминдерінен мысал келтірді.

«Кодекстің 8-бабының 5-тармағында «талап қою (арыз).....» деген ұғымдар келтірілген. Осы ретте «талап қою» - деген сөз тіркесі процестік құжаттың нысаны емес, субъектінің іс-әрекетін білдіретінін айтқымыз келеді. Заң шығарушы «талап қою» деген тіркестен кейін жақшаның ішінде «арыз» деген сөзді бекер келтіріп отырған жоқ. Шын мәнінде процестік құжаттың нысаны талап қою емес, арыз болып танылады. Даудың мәні, мазмұны – ақы талабы. Азаматтық процестің субъектілері өздерінің бұзылған құқықтарын сотқа талап арызын беру арқылы жүзеге асырады. Осы баптың орысша мәтінінде «иск (заявление)» - деген тіркестер талданып отырған құқықтық ұғымның толық мазмұнын ашады. Ал «талап қою» - деген тіркесті қолдану арқылы біз талаптың (арыздың) мазмұнын, сипатын өзгертіп аламыз, яғни қателікке жол береміз. «Талап қою» - деген тіркес орыс тіліне аударғанда «предъявление иска» - деген әрекетті білдіреді емес пе. Азаматтық процеске қатысушы негізгі екі тұлға – талап қоюшы және жауапкер. Бұрын қолданыста болған Кодексте және оған дейінгі заңнамаларда талап қоюшы «талапкер» - деп айқындалған. Жаңа Кодексте осы «талапкер» - деген терминнің неліктен «талап қоюшы» - деп алынғаны түсініксіз болып отыр» - деді ол.

Ол бұл өзгерістің қайдан келгенін де атап өтті.

«Жаңа Азаматтық процестік кодекстің жобасын әзірлеген жұмыс тобының мүшесі ретінде айтарым, жобаның толық нұсқасында «талап қоюшы» - деген термин қолданылған жоқ болатын. Аталған өзгеріс заңнаманы қабылдау барысында енгізілуі мүмкін. Кодекстің 17-бабында «айғақтар беру» - деген термин қарастырылған. Ал заңнаманың орысша мәтінінде аталған термин «показания» - деп аударылған. «Айғақ» - деген сөз – дәлелдеме, куә, куәлік ету, дәлел деген ұғымдарды білдіреді» - дейді Бағдат Мақұлбеков.

Оның айтуынша, кодекстегі мұндай өңі өзгерген терминдік аудармаларды көптеп санауға болады.

«Кодекстің бүкіл мәтінінде «сот отырысы» - деген термин жиі қолданылған. Ал заңнаманың орысша мәтінінде бұл термин «судебное заседание» - деп алынған. Негізінде «заседание» - деген термин мәжіліс, маслихат деп аударылады. Шындығында сот мәжіліс өткізеді. Мәжіліс кеңесу бөлмесінде шешім қабылдап, оны жариялаумен аяқталады» - дейді судья.

Бағдат Мақұлбеков заң саласының терминологиясы өзге саладан өзгеше екенін айтады.

«Заң терминдерінің ерекшелігі сол, олар қабылданған құқықтық актілердің заңнамалық күшін айқындауда үлкен роль атқарады, олардың басқа құжаттардан айырмашылығын білдіреді. Қабылданған заңнама актілері көпшілікке түсінікті болу үшін қолданылған терминдердің логикалық нанымдылығына, пайдалану орнына, заңдылық тұрғыдан тиімділігіне баса назар аударған жөн» - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы