Сот орындаушысы 1 млн теңге алимент ұрлаған

21 Сәуір 2025, 11:38
403
Бөлісу:
Сот орындаушысы 1 млн теңге алимент ұрлаған
Фото: Арман Мухатов - архив

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Снежанна Имашева жеке сот орындаушылары институтындағы өзекті мәселелерді көтеріп, бұл салада жүйелі реформалар қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, жеке сот орындаушыларының өндіріп алушылардың қаражатын уақтылы аудармауы немесе иемденуі – алаңдатарлық деңгейге жеткен. Бұл мәселе әсіресе әлеуметтік маңызы жоғары істерде, мысалы, алимент төлемдеріне қатысты айқын байқалып отыр.

Сот орындаушылары өз шоттарында өндіріп алушыларға тиесілі ірі сомаларды жинақтап қана қоймай, кейбірі бұл қаражатты мүлде аудармайды. Тіпті, өндіріп алушының ақшасын толық иемденіп алған жағдайлар да бар, — деді Снежанна Имашева.

Астанада болған бір оқиғада, сот орындаушысы бір жыл бойы алимент қаражатын аудармай, оны баланың анасына емес, өзінің жақын туысының шотына аударған. Алаяқтық жолмен аударылған сома 1 миллион теңгеге жуық болған.

Бас прокуратураның дерегіне сүйенсек, 2022 жылы жүргізілген тексеріс нәтижесінде еліміздің 6 өңірінде 700-ге жуық уақтылы аудармау фактісі тіркелген. Бұл – жеке сот орындаушылары қызметінің ашықтығы мен тиімділігіне қатысты сұрақтардың өзектілігін арттыра түседі, - дейді ол.

Имашева сот орындаушыларының қаржылық операцияларын қатаң бақылауға алуды ұсынып отыр.

Уәкілетті орган жеке сот орындаушыларының өндіріп алушыларға ақша аударуға арналған ағымдағы шоттарына тұрақты түрде мониторинг жүргізуі қажет. Бұл сенімсіздіктің алдын алып, қаржылық тәртіпті қамтамасыз етеді, — деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы