Мемлекет басшысы соңғы 3 жылда 584 заманауи мектеп салынғанын атап өтті

Президент білім, ғылым және балаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесін жариялады.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 13:53
Бүгiн 2026, 13:53
146
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан табиғи байлықты азаматтардың бастапқы капиталы ретінде конституциялық деңгейде бекіткен аймақтағы алғашқы мемлекет болды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы бұл бастаманың нақты көрінісі ретінде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын атады.

Біз арнайы конституциялық нормаға сүйене отырып, табиғи байлықты азаматтардың бастапқы капиталы ретінде бекіттік. Қазақстан – осындай бірегей бастаманы іске асырған аймақтағы алғашқы мемлекет. "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы – соның айқын дәлелі. Бұл жобаның тиімділігі жоғары: үш жылдың ішінде 6,5 миллион баланың есепшотына 2,3 миллиард доллар аударылды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, балаларды қолдау мұнымен шектелмейді. Осы бағыттағы жұмыстың жалғасы ретінде «Келешек» жинақтау жүйесі іске қосылды. Сонымен қатар халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен дарынды балаларға жүйелі қолдау көрсетіле бастаған.

Болашаққа инвестиция салу дегеніміз – осы. Ал, айналамызда, яғни Еуразия құрлығында қай мемлекет әлеуметтік мақсаттарға осыншама қомақты қаражатты бөліп беріп жатыр? Жауап белгілі сияқты, – деді Мемлекет басшысы.

Ғылым мен жоғары білімге басымдық берілді

Президент қазіргі таңда әлемде білім экономикасы үстемдік құрып отырғанын айтып, мұндай жағдайда Қазақстан ғылым мен жоғары білімді дамытуға ерекше көңіл бөлуі тиіс екенін жеткізді.

Оның сөзінше, технологиялық дербестікті күшейту үшін еліміздегі университеттерді жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Сонымен бірге Қазақстанда шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр.

Мемлекет басшысы Парламент қабылдаған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның да ғылым саласының дамуына серпін бергенін атап өтті.

Өздеріңіз мақұлдап, қабылдаған "Ғылым және технологиялық саясат туралы" заң ғылыми инфрақұрылымды жақсартып, жас ғалымдарға мол мүмкіндіктер беруге зор ықпал етуде. Жалпы, алдымызда ғылым деңгейін, оның тиімділігін барынша көтеруге қатысты маңызды мақсат тұр, – деді Президент.

Үш жылда 584 жаңа мектеп салынды

Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген мемлекеттің интеллектуалдық әлеуеті ең алдымен орта білімнің сапасымен өлшенетінін айтты.

Президенттің мәліметінше, соңғы үш жылда республика бойынша 584 заманауи мектеп пайдалануға берілген. Оның әрбір үшіншісі инновациялық «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған.

Әрине, кез келген ұлттың зияткерлік әлеуеті сол елдегі орта білімнің деңгейімен өлшенетіні ақиқат. Соңғы үш жылда республика бойынша 584 заманауи мектеп салынды. Әрбір үшінші мектеп инновациялық үлгідегі "Келешек мектептері" жобасы аясында бой көтерді. Биыл тағы 84 мектеп ашылады. Оның жартысынан көбі ауылдық жерлерде салынып жатқанын атап өту қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, аталған жиында Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызда толыққанды цифрлық мемлекет құру міндеті тұрғанын айтты. Президент депутаттар цифрлық дәуірге жол ашқанын және басқа елдерде жасанды интеллектіні заң тұрғысынан реттейтін дайын үлгі болмағанын атап өтті.

Наверх