Солтүстік Қазақстанда Сергеев су қоймасы тасып жатыр

5 Сәуір 2023, 10:44
1570
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстанда Сергеев су қоймасы тасып жатыр
Фото: Видеодан алынған кадр

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасы толып, таси бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, Сергеев су қоймасы толып, 5 сәуір таңғы 8.00-дегі жағдай бойынша ернеуінен 5 см-ге асып, төгіліп жатыр. Бұл туралы Қазақпарат жазды.

Есіл өзені мен оның сағаларында, шағын өзендерде де су деңгейі көтеріліп келеді.

Ковыльное елді мекені маңынан өтетін Ақанбұрлық өзенінде су деңгейі бір тәулікте 117 см өзгерді. Возвышенка елді мекенінің маңында осы өзеннің деңгейі 93 см-ге көтерілген.

Гусаковка елді мекеніндегі гидрологиялық бекетте Бабықбұрлық өзенінің су деңгейі 69 см артқанын көрсетті.

Иманбұрлық өзенінің де суы толып келеді. Бір тәулікте Соколовка елді мекенінің маңында оның деңгейі жарты метрге көтерілген.

Ал Тоқсан би ауылында орналасқан гидрологиялық бекеттің көрсеткіші бойынша Есіл өзенінің деңгейі бір тәулікте 145 см көтерілген.

Жалпы, мұнда көктемгі су тасқыны басталғалы деңгейі 6,5 метрге өзгерген.

Крещенка елді мекенінің маңында да Есіл өзенінің суы молайып жатыр, бір тәулікте көрсеткіш 117 см артты.

Петропавл маңында әзірге өзгеріс жоқ.

Жалпы, СҚО-да ең үлкен су тасқыны 2017 жылы болды, осы уақытта Сергеев су қоймасынан тасыған судың биіктігі 3 метрден асып кеткен еді.

Өзгелердің жаңалығы