Солтүстік Кипр жағалауында жолаушылар паромы суға батқаннан кейін кеме капитаны мен экипаждың жеті мүшесі қамауға алынды. Бұл туралы Солтүстік Кипр Түрік Республикасының премьер-министрі Үнал Үстел мәлімдеді.
Оның айтуынша, апаттың барлық мән-жайы тексеріліп, ықтимал немқұрайлылық фактілеріне құқықтық баға беріледі. Алдын ала мәлімет бойынша, паромда 259 жолаушы мен сгіз экипаж мүшесі болған. Соңғы деректерг сенсек, 8 адам қаза тауып, бірнеше жолаушы табылмай жатыр.
Бұған дейін Солтүстік Кипр жағалауында жолаушылар паромы суға батып, оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстары басталғаны хабарланған.
Кейін билік суға кеткен кеменің шамамен 514 метр тереңдікте жатқанын мәлімдеді.
Апаттан аман қалған жолаушылардың айтуынша, кеме ішіне су кіріп жатқаны туралы ескертулерге қарамастан, экипаж тиісті шара қолданбаған. Сондай-ақ олар капитан мен экипаж мүшелері жолаушылардан бұрын кемені тастап кеткенін мәлімдеген.
Қазіргі уақытта бұл ақпарат пен апаттың нақты себептері тергеу аясында анықталып жатыр.