Солтүстік Қазақстанда әйгілі ақын, әрі ұлт батыры Сегіз сері Баһрамұлының зираты табылды

17 Сәуір 2021, 13:37
3691
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстанда әйгілі ақын, әрі ұлт батыры Сегіз сері Баһрамұлының зираты табылды

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сегіз серінің зиратын іздеумен айналысқан өлкетанушы Ахметжан Қуантаевтың айтуынша, осыған дейін туған жері «Гүлтөбе-Маманай» маңына жерленді деген әңгіме шындыққа жанаспайды. Ол жерде туғанымен, мәңгілік тұрағы Дос көлінің маңайы, сол жерде екенін әдеби кітаптарда да жазылған. Оның нақты мазары жөнінде замандастары мен шәкірттері айтып кеткен дейді.

Сегіз сері қайтқан кезде 45 ақын жоқтау шығарған. Оның ішінде өзінің әйгілі шәкірттері де бар. Менің ізденуіме түрткі болған Нұржан Наушабаевтың естелігі. Ол кісі Сегіз серіні жерлеуге келе алмағасын, кейін арнайы іздеп келген екен. Ақынның әйелі, балаларымен жүздесіп, жыр жазған екен. Сол өлеңінде «Дос көлінің жағасында болдым, қойылған тасты көрдім» - деген жолдары бар. Кейін заман өзгеріп, «байтал түгіл бас қайғы» деген заман келді, ашаршылық, нәубет болды, зиратын ұмытқан, тас қолды боған. Ауылдың көнекөздері, қоныс аударған «қарашекпенділер» мазарды бұзып, тасын әкетті десетін, анығын кім білген, сосын, осы істі қолыма алып, ақырына жеткізуде өзіме парыз санадым, - дейді Ахметжан Қуантаев.
Ақын, сазгердің зиратын анықтау осыдан 3 жыл бұрын, Сегіз серінің 200 жылдығын тойлау кезінде пайда болған екен. Осыдан бастап, ақынның туыстарын іздеуге кіріседі. Солардың бірі жиендерінен тарайтын ұрпақ Батыр деген жігітті қасына ертіп Тимирязев ауданына ат басын бұрады.

Осы ауданға қарасты Докучаево елді - мекенінде тұрып, еңбек еткен малшы, мал дәрігері, басшы болған 20 шақты адамдармен кездесіп, өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары осы өлкеде өмір сүрген Нұрмұханбет деген адамның туыстарын табады. Ол кісі Сегіз серінің немересі болып келеді. Сол кісінің көзі көрген екі қариямен кезедсіп, ол кісіні келіндері «Қырықай» деп атағанын анықтаған екен.

Аңшылармен кездесіп, Дос көлінің жағалауын дрон арқылы қарауға кірістік. Шығыс жақ бетінен табылды. Басқа ескі қорымдар жоқ екеніне көз жеткізген соң, ғалым Анатолий Плешаковты бірге апардық. Ол кісі зираттың көне екенін және атақты адамның зираты екенін айтып отыр. Және, ең бастысы Нұрмұханбет атамыздың келіндерінің айтуынша, ол кісі өз шешесінің, Яғни Рысбике анамыздың жанына жерленген. Бұл біздің болжамымызды растап отыр, енді биыл басына мазар тұрғызуды жоспарлап отырмыз, - дейді облыстық музейлер бірлестігінің қызметкері, өлкетанушы Қауантай Ахметбеков.

Сегіз серінің шын есімі – Мұхамедқанапия Баһрамұлы Шақшақов. 1818- 1854 жылдары өмір сүрген. Әрі ақын, әрі батыр, қазақ-жоңғар соғысының қаһармандарының бірі, «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген жыраудың ұрпағы. Сегіз сері деп жеңгесі ерекше талантты болғаны үшін атап кетеді деседі. Тіпті, жас кезінде Құсмұрында отырған Шыңғыс сұлтанның үйіне қанақтап барған кезде туған Шоқанның есімін де ырымдап Мұхамедқанапия деп қойған деген аңыз бар. Қалай болғанда да Сегіз серінің тарихта болған, өз заманынының ерекше туған тұлғаларының бір екені рас. Ол ұлт-азаттық көтерілістерге қатысып, талай жорықтарда жеңіске жеткен. Артында өшпес мұрасы мен шәкірттері қалды. «Қашқын келбеті», «Ер Исатай», «Жорық», «Өкініш», «Ақылсыз шаһзада», «Ақбұлақ», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Қозы-Көрпеш - Баян сұлу», «Қамбар батыр», «Гаухартас» секілді жырлардың авторы. Біржан сал, Нияз сері, Жаяу Мұса, Нұржан Наушабаев секілді ақындар өзін Сегіз серінің шәкірті санаған.

Басын тасқа да, тауға да соққан ақын азаттық үшін көтерілістердің басы-қасына болып, тіпті Кавказ, Иран асып кеткен кездері де болған. Тек қайтарынан бұрын ғана туған еліне оралып, Ырысбике деген қызға үйленген. Қазіріг күні «Сегіз сері-қазақ сал серілерінің атасы» деген пікір қалыптасқан дейді мамандар.

 

  

 


Өзгелердің жаңалығы