Содыр жейтін соққыны момын да жеп жатыр. Депутат жазықсыз тұтқындалғандар туралы айтты

26 Қаңтар 2022, 10:59
1667
Бөлісу:
Содыр жейтін соққыны момын да жеп жатыр. Депутат жазықсыз тұтқындалғандар туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов пен Президент жанындағы адам құқығы жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімоваға депутаттық сауал жолдады.

Талайды көрген тарихымызда 2022 жылы қаңтардағы қанды қасірет бүкіл елімізді дүр сілкіндірді. Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар өз мақсаттарына жету үшін қасиетті Тәуелсіздігіміздің өзін құрбан ете жаздады. Мемлекетіміз сақталып қалды. Бірақ қаншама адамның қаны төгілді, - деді депутат.

Қазыбек Иса атап өткендей, басында әлеуметтік әділеттілік сұрап, бейбіт митингке шыққан шерушілерді кейін Алматыдан бастап көптеген қалада арнайы дайындалған бүлікші топтар пайдаланып кетті. Сөйтіп заңды шерудің арты қанды шеруге айналды.

Қаңтардағы қырғында 227 адам қаза тапты, 4 500-ден астам зардап шегіп, 4 353 адам түрлі жарақат алған. Мұндай қасиетті қазақ тарихына қара таңба салған қанды қасірет қайта қайталанбауы үшін мемлекеттік төңкеріс жасамақ боғландар кімдер? Басшысы кім? Қосшысы кім? Орындаушылары кім? Түгелі анықталып, толық жауапқа тартылуы қажет. Ереуіл кезінде бейбіт шеруге шыққандар үшін ғана көп адам, әсіресе, жастарымыз жазықсыз тұтқындалып, соққыға жығылып, азапталып жатқандары туралы нақты мәліметтер мен видеолар келіп жатыр. Әлеуметтік желілерде де жиі жазылып та жүр, - деп айтты ол.

Депутат айтқандай, тек қылмыс жасағандар ғана жауапқа тартылуы тиіс. 

Мұндай жазықсыз жандарды тұтқындап, азаптау – нағыз арандату, мемлекетке, Президент саясатына жасалып жатқан қасақана қастандық. Өйткені Президенттің өзі әрбір істің әділ тергеліп, егер ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдету керек деген талап қойды. Әркімнің әрекетіне әділ баға беру үшін алдымен лаңкестер мен экстремистерді, содырлар мен қарақшы, тонаушыларды бір бөлек, ал бейбіт шеруге шығушыларды бір бөлек қарастыру керек. Түрлі ақпаратқа қарасақ, қазір содыр жейтін соққыны момын да жеп жатыр, - деп айтты Қазыбек Иса.

Өзгелердің жаңалығы