Кубада энергетикалық дағдарыс салдарынан 2,7 млн адам сусыз қалды

Ведомствоның мәліметінше, электр қуатының үзілуі, сорғы станцияларындағы ақаулар мен инфрақұрылымның тозуы ел бойынша су жеткізу жүйесінің жұмысына кедергі келтірген.

 depositphotos.com 25 Қазан 2026, 01:29
25 Қазан 2026, 01:29
162
Фото: depositphotos.com

Кубада энергетикалық дағдарыс пен инфрақұрылымдық ақаулар салдарынан 2,7 миллионнан астам тұрғын сумен қамтылмай отыр. Бұл туралы жергілікті БАҚ елдің Ұлттық су ресурстары институтына сілтеме жасап хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, электр қуатының үзілуі, сорғы станцияларындағы ақаулар мен инфрақұрылымның тозуы ел бойынша су жеткізу жүйесінің жұмысына кедергі келтірген.

Астанасы Гаванадағы Cuenca Sur магистральдық су құбырының бұзылуы салдарынан үш ауданда шамамен 200 мың адам сусыз қалған. Техникалық ақаулар жойылғаннан кейін де су беруді қалпына келтіру бірнеше сағатқа созылуы мүмкін.

Куба билігі дағдарысты еңсеру үшін 300-ден астам инфрақұрылымдық жобаны жеделдетіп, су сорғы станцияларына күн энергетикасы жүйелерін орнатуға кіріскен. Алайда бұл шаралар әзірге сумен жабдықтау мәселесін толық шешкен жоқ.

Елдегі энергетикалық дағдарыс 2024 жылдың ортасынан бері жалғасып келеді. Бұған инвестицияның жетіспеушілігі, экономикалық қиындықтар және энергетикалық инфрақұрылымның тозуы себеп болған. АҚШ санкциялары мен мұнай жеткізіліміне қатысты шектеулер де жағдайды ушықтырған.

Наверх