Қазақстан мен Оман арасында жаңа әуе бағыттары ашылды

Рейстер Airbus A320 үлгісіндегі ұшақтармен жүзеге асырылады.

 depositphotos.com 24 Қазан 2026, 22:51
24 Қазан 2026, 22:51
138
Фото: depositphotos.com

Республика күні қарсаңында «Air Astana» әуе компаниясының Астана – Салала бағыты бойынша алғашқы рейсі орындалды. Осылайша, Қазақстан мен Оман Сұлтандығы арасындағы тікелей әуе қатынасы кеңейе түсті. Рейстер Airbus A320 үлгісіндегі ұшақтармен жүзеге асырылады.

Жаңа бағыттың ашылуы Мемлекет басшысының авиация саласын дамыту, халықаралық әуе қатынасының географиясын кеңейту және Қазақстанның транзиттік авиациялық хаб ретіндегі әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылды.

Екі ел арасындағы әуе қатынасын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – биылғы 6 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың кездесуі аясында екі мемлекеттің үкіметтері арасында әуе қатынасы туралы келісімге қол қойылуы.

Астана – Салала бағытының ашылуына арналған салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Талғат Ластаев, «Air Astana» әуе компаниясының аға вице-президенті Ерболат Байсалықов, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы басқарма төрағасының орынбасарлары Руслан Пыштанов пен Ермек Күміспаев, сондай-ақ Оман Сұлтандығының Қазақстандағы елшілігінің өкілдері қатысты.

Алғашқы рейспен 140 жолаушы ұшты. Бір күн бұрын, 23 қазанда, Алматыдан Салала қаласына да алғашқы рейс орындалып, ұшақтағы жолаушылар орындары толық толды.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Оман арасында SalamAir әуе компаниясы Алматы – Маскат бағыты бойынша да тұрақты әуе қатынасын жүзеге асырады. Ал «Air Astana» компаниясының жаңа бағыттарды іске қосуы Қазақстанның Оманмен халықаралық әуе байланысын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа бағыттар екі ел арасындағы туристік, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуға, сондай-ақ азаматтардың саяхаттау мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

Наверх